Билік биыл Түркістан облысына аямай ақша шашты

14 Желтоқсан 2020, 21:12
Сурет: видеодан кадр

Биыл Қазақстанда ауылды жерлерге бюджеттен ең көп ақша жұмсаған облыс анықталды – ол Түркістан.

Ескерту, бұл ресми статистика емес. "Transparency Kazakhstan" үкіметтік емес ұйымы жүргізген зерттеу нәтижесі.

Сонымен 2020 жылы Транспаренсидің пайымынша, ең ысырапшыл облыс ретінде Түркістан танылған, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Осы өңірдегі ауылдар, ауылдық округтер, кенттер, қалалар бәрінің шығынының басын қосқанда 25,9 млрд теңгеге жетті.

Екінші орынды 18,4 млрд теңгемен Алматы облысы еншіленсе, Жамбыл облысы 12 айда 11 млрд теңгені жаратып, үшінші орынға жайғасқан. Ал, Солтүстік пен Шығыс Қазақстан облыстары үнемшіл өңірлердің қатарына кірді. Әуелгісі бір жылда 2, ал екіншісі бар жоғы 1,6 млрд теңгемен қош айтысыпты.

Түркістан облысы 25,9 млрд тг.
Алматы облысы - 18,4 млрд тг.
Жамбыл облысы - 11 млрд тг.
Солтүстік Қазақстан -2 млрд тг.
Шығыс Қазақстан -1,6 млрд тг.

Десе де, бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады деп, Түркістан мен Алматы облысы әкімдіктеріне хат жолдадық.

Әуелгісі тек облыс бюджетінің жалпы көлемін көрсетумен шектелсе, ол 878,6 млрд тг. Ал, Алматы облысындағы ауыл-аймақтардың шығыны 2019 жылы 22,5 млрдтеңгені құрапты. Дәл осы зерттеуді жүргізген "Transparency Kazakhstan" ұйымы болса, былтыр бұл өңірдің шығынын 20 млрд-қа жуық деп көрсеткен. Бұл ресми ақпардан 2 млрд-қа ғана аз!

Тіпті, жақсы! Егер облыстар миллиардтаған қаражаттарды ауыл-аймақтарға, шағын кенттерге бөліп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Ауылға интернет келеді, жолдар жөнделіп, су тартылып, басқа да мәселелердің басы қайырылады деп бөрікті аспанға атуымыз керек еді ғой. Сөйтсек, қаражат қайда жұмсалған дейсіз ғой?

Ұйым ұсынған зерттеуге сенсек, ақшаның басым бөлігі ауыл аппаратын күтіп ұстауға кеткен.

Яки, әкімдік қызметкерлерінің жалақысы, коммуналдық шығындар мен олар мінетін көліктер, тағысын-тағы. Ақшаны әкімдік өкілдері әкімшілік ғимараттарды жөндеуден өткізу жұмыстарына да аямаған. Содан кейін ғана көшені жарықтандыру мен елді мекендерді аббаттандыру жұмыстарына көңіл бөлініпті.

- Әкімдік қызметкерлерінің жалақысы, коммуналдық шығындар мен олар мінетін көліктер;
- Әкімшілік ғимараттарды жөндеу жұмыстары;
-Көшені жарықтандыру, аббаттандыру;

Бұл тізімнен бірінші кезекте жол құрылысы, елдімекенді ауыз сумен қамту секілді халық үшін маңыздырақ міндеттер байқалмайды.

Жә, бұл Транспаренси ұйымының талдаулары ғой, деп қоя салайық десек те, қоғам өкілдері жергілікті жерлерде қазына қаражатын тиімді пайдаланбау проблемасы бар екеніне сенімді.

Азаматхан Әміртай, қоғам белсендісі:

Әрине, ең бірінші жаңағы мәслихаттағы, мәжілістегі депутаттар белсенді болып, бюджеттің дұрыс жұмсалуын қадағалау керек. Белгілі қаражат дұрыс жұмсалмаса, әкімдік шенеунігі, басқасы заң алдында жауап беруі керек. Жергілікті басқару заңын қабылдатуымыз керек. Тек қана бір әкімнің мойынына ілмей, қоғамдық институт, мәслихат институтының белсенділігін арттыру керек жергілікті жерде. Солай ғана біз оларды басқара аламыз.

Басқару демекші, 2018 жылдан бері Қазақстанда бюджеттің төртінші деңгейлі қағидасы қолданылады. Ол бойынша, халық саны 2 000-нан асатын ауыл тұрғындары өз елді мекендерінің бюджетін өздері бекіте алады.

Десе де, іс жүзінде қазақстандықтар бұл мүмкіндікті пайдалану тұрғысына келгенде әлі де белсенді емес екендігін уақыт көрсетіп отыр.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?