Жұрт үрейлі. Маңғыстауда екі ауылды құм басты
Маңғыстау облысында екі бірдей ауылға құм көшкінінің астында қалу қаупі төніп тұр. Жұрт жандарын шүберекке түйіп, күні-түні үрейленіп отыр. Тіпті, қоныстарын тастап, басқа елді мекенге көшіп кеткендері де бар. Ал, аудан орталығындағы атқамінерлер бұл мәселемен таныс. Алайда, шенеуніктер құм көшкінін тоқтатуға әзірге асықпайтын сыңайлы, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бұл шалғай жерде орналасқан аядай ғана Жарма ауылы. Мұнда қазір 20 үй бар. Тұрғындардың айтуынша, кезінде құм ауылдан 1 шақырым қашықтықта жатқан екен. Ал қазір ауыл іргесіне келіп жетті.
Жарма ауылында 100 шақты тұрғын бар. Мұнда шеткі үйлердің ауласын құм басып, тіпті кей тұрғындардың қорасы қирап қалған. Жұрт төрт түлігін қамайтын қора жоқ деп отыр. Шамасы келгендер техника жалдап, құмнан тазартып, қираған қораларын қалпына келтіріпті. Ал қалғаны өз күштерімен күресуге тырысып жатыр.
– Мен 100 мың теңге, 1 тай бердім. Екі күн бойы қорамның айналасын тазалап берді. Менің өзім. Елдің не бергенін білмеймін. Сондай-сондай жасатты әр жерден шамасы келгендер, – дейді ауыл тұрғыны Алдаберді Ақшабаев.
Тиын Балмұрзаева, ауыл тұрғыны:
Мал қамап отырған тас қорамды құм үйе-үйе гүрс етіп құлап қалды. Мал қамайтын жеріміз құлап қалды. Көршім екі жылдан бері қыста қарақұдыққа кетіп қалады. Ал жазда малының жайына келеді. Бұлардың мұнда қорасын да, тіпті сарайын да құлатып кетті. Мынау оның қорасы, оның бәрі құмның астында қалды. Қиындық болып отыр. Жолдар да қиын. Үй айналасын көміп тастайды. Бүгін келген машина ертең келе алмайды. Сондай қиындықтарымыз бар.
Жұрт құмды дауылға көзі үйренгенімен, бірнеше жылдан кейін ауылды түгелімен құм басып қала ма деп қауіптенеді. Егер жергілікті билік дер кезінде құм көшкінін тоқтатуды қолға алмаса, онда келешекте бұл елді мекен жермен-жексен болуы да ғажап емес. Атқамінерлер халықтың үдере көшіп кетпеуі үшін бар амалды жасаймыз дейді. Олай істемеске шара жоқ. Өйткені бұл тек Жарма ауылында ғана емес, Сазды елді мекенінің тұрғындары да дәл осындай қорғансыздың күйін кешуде.
Талғат Қыланов, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары:
Жарма мен Сазды ауылында осы мәселе бар. Үштаған округіне қарасты екі елді мекен. Ол жөнінде біз табиғат қорғау басқармасына ұсыныс айтқанбыз, халықтан осындай сұраныс бар деп. Ауылды құм басып қалу қаупі бар деп. Табиғат қорғау басқармасы қазір ол жерге 430 млн теңгеге проект жасақтаған. Сол жобаны қазір бюджетке ұсынып отыр. Сол бюджеттен қаржы қаралған жағдайда, сол құм тоқтату жұмысы осы екі ауылда да жалғасын табады деп күтудеміз.
Тау сияқты үйілген құм ауылға қауіп төндіріп тұрғаны рас. Байырғы тұрғындар оған қарамастан кіндік қаны тамған жерді тастап кетуге қимайды. Егер жергілікті билік айтпақшы жоспарлары жүзеге асса, онда олар қос ауылдың аумағына сексеуіл, жыңғылды, жүзген ағаштарын егеміз деп отыр.