Үкіметте өз орнын сақтап қалғандар мен жаңадан тағайындалғандар кімдер

Тағайындау Сурет: primeminister.kz
11 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің жаңа құрамы туралы Жарлыққа қол қойды. Zakon.kz жаңадан тағайындалған министрлер мен өз орнын сақтап қалған шенділерге қысқаша тоқталады.

Роман Скляр Премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол 2019 жылдан бастап осы лауазымды қызметті атқарып келеді.

Ералы Тоғжанов Премьер-министрдің орынбасары лауазымына қайта тағайындалды. Ол бұл лауазымды қызметті 2020 жылдан бері атқарып келеді.

Мұхтар Тілеуберді Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі болып өз орнын сақтап қалды. Ол 2021 жылдың қаңтарынан бастап осындай лауазымға ие.

Бақыт Сұлтанов Сауда және интеграция министрі болып қайта тағайындалды. Бұл лауазымға ол 2019 жылы тағайындалған болатын. Сонымен қатар, Сұлтанов Премьер-министрдің орынбасары болып табылады.

Ғалымжан Қойшыбаев 2019 жылдан бері Премьер-министр Кеңсесінің басшысы, ол осы лауазымын сақтап қалды.

Мұрат Бектанов Қорғаныс министрі болып қайта тағайындалды. Ол бұл қызметке 2021 жылдың тамызында келген болатын.

Ерлан Тұрғымбаев 2019 жылы Ішкі істер министрі болып тағайындалған, ол да өз лауазымын сақтап қалды.

Асқар Омаров Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып жаңадан тағайындалды. Ол 2021 жылдың тамыз айынан бастап Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметін атқарған болатын. Омаров әртүрлі жылдары "Қазақстан "РТРК" директорының орынбасары, шеф-редакторы, "ҚазАқпарат" ХАА бас директоры болып жұмыс істеді.

Ербол Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы министрі болып қайта тағайындалды. Бұл лауазымға елдегі қуаңшылыққа байланысты туындаған қиын жағдайдан соң 2021 жылдың қыркүйегінде тағайындалған болатын.

Қанат Мусин Әділет министрі болып жаңадан тағайындалды. Ол 2021 жылдың маусым айынан бастап ҚР Жоғарғы Сотының судьясы болған. Мамандығы заңгер. Әр жылдары Мусин Астана қаласы прокурорының орынбасары болды, елорданың Әділет департаментін басқарды.

Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі болып қайта тағайындалды.

Ажар Ғиният - Денсаулық сақтау министрі болып жаңадан тағайындалды. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын "Педиатрия", Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін "Мемлекеттік және жергілікті басқару", сондай-ақ Almaty Management University (ALMU), МВА "Іскерлік әкімшілік" мамандықтары бойынша білім алды. Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындалғанға дейін Ажар Ғиният Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарған болатын.

Серік Шапкенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып алдындағы жұмысын жалғастырады.

Қайырбек Өскенбаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып жаңадан тағайындалды. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін "Заңгер", С.Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін "Ұйымдастырушы-экономист" мамандығы бойынша, сондай-ақ Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дипакадемиясын "Халықаралық қатынастар" мамандықтары бойынша бітірген. Әр жылдары Ақмола облысының жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары, Ұлттық экономика министрінің орынбасары болып жұмыс істеді. Бұған дейін Өскенбаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі болған еді.

Ерұлан Жамаубаев Қаржы министрі лауазымын сақтап қалды.

Дәурен Абаев Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "Халықаралық құқық" мамандығы бойынша, Лейден университетін, Еуразия гуманитарлық институтын тәмамдаған. Әр жылдары Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы, Ақпарат және коммуникациялар министрі болған. 2020 жылдың мамыр айынан бастап Абаев ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Юрий Ильин Төтенше жағдайлар министрі лауазымын сақтап қалды.

Әлібек Қуантыров Ұлттық экономика министрі болып жаңадан тағайындалды. Томск мемлекеттік университетін "Қаржы және несие", "Лингвистика және мәдениетаралық коммуникация" мамандықтары бойынша, сондай-ақ Мичиган университетін "Болашақ" стипендиясы бойынша бітірген (2010 жылы). Қолданбалы экономика магистрі. Әр жылдары Қуантыров Экономика министрлігінің Инвестициялық саясат және жоспарлау департаментінің бас сарапшысы, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Кеңсесінің бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2021 жылдың ақпан айынан бастап Ұлттық экономика вице-министрі болған.

Бағдат Мусин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып алдындағы лауазымындағы жұмысын жалғастырады.

Серікқали Брекешев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымын сақтап қалды.

Болат Ақшолақов Энергетика министрі болып жаңадан тағайындалды. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын "Экономист" мамандығы бойынша, сондай-ақ Мұнай-газ өнеркәсібінің білім беру орталығын "Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды бағалау" және "Мұнай өндіру экономикасы" мамандықтары бойынша бітірген. Әр жылдары Ақшолақов "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының президенті, Мұнай және газ вице-министрі, Энергетика вице-министрі болды. Бұған дейін "Самұрық-Қазына "ҰӘҚ" АҚ Активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры болып жұмыс істеді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
?
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз