Жаңалықтар тізбегі
0

Алматыдағы ең жаңа ғибадат орны – Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт

мешіт, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.04.2022 15:42 Сурет: Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт әкімшілігі
Алматыдағы ғибадат орындары бір-бірінен көлемі, сыртқы бейнесі арқылы ерекшеленеді. Бірақ солардың ішінде сыртқы бейнесі өзге мешіттерге ұқсамайтын жаңа ғибадат орны бар. Ол – Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт. Zakon.kz Рамазан айына орай Алматыдағы мешіттер туралы мақалаларды жалғастырады.

Осыған дейін Алматы Орталық мешітінің тарихы туралы және әл-Хамид мешітінің ерекшелігі жайлы жаздық. Ал осы жолы мегаполистегі ең жаңа Абай Құнанбайұлы атындағы ғибадат орнының ерекшелігіне тоқталамыз.

Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт 2021 жылы ашылды. Оған дейін бұл орында шағын «Әмин» мешіті болды. Шамамен 300 шаршы метр болатын шағын «Әмин» мешіті 1991 жылы Хабибулла қажы ақсақалдың жергілікті жамағатты жұмылдыруымен тұрғызылған. Содан бері «Әмин» мешіті 28 жыл бойы Алматы тұрғындарының игілігі үшін қызмет етті.

2015 жылы мешіт толықтай жөнделіп, екі жағына мұнара, ортасына үлкен күмбез қойылды. Сол кезде мешіт кіре берісінде имам бөлмесі, діни сауат ашу курсына арналған сынып болған еді.

Бұрынғы «Әмин» мешіті, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.04.2022 15:42

Сурет: ҚМДБ-ның ресми сайты

2019 жылы «Әмин» мешітінің қасындағы 4 үйді 65 миллион теңгеге сатып алып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына берілген. Сол кездегі бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің рұқсатымен «Әмин» мешіті бұзылып, орнына заманауи үлгіде жаңа мешіт салуға рұқсат алған.

Осы жылдың мамыр айында жаңа мешіттің құрылысы басталды. Ғибадат орны екі жыл бойы салынды. Ал 2021 жылдың Рамазан айында, қасиетті жұма күнімен тұспа тұс жаңа мешіт жамағат игілігіне берілді.

мешіт, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.04.2022 15:42

Сурет: ҚМДБ-ның ресми сайты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толуына байланысты Бас мүфтидің бастамасымен 30 құдық, 30 көпір, 30 шәкіртке шәкіртақы беру, 30 мың түп ағаш егу, 30 мешіт құрылысын жүргізу және 30 мешіт есімін ауыстыру сынды шаралар қолға алынған еді. Осы орайда 60-тан аса жергілікті ақсақал мен ел ағалары қатысып, бір ауыздан «Әмин» мешітінің атауын «Абай Құнанбайұлы» деп өзгертуге келісім берген. Бұл келісімді ҚМДБ-ның бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы және Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Ахметжанқызы да мақұлдады. Осылайша Жетісу ауданындағы Әлихан Бөкейханов көшесі 484 мекенжайындағы «Әмин» мешітінің атауы «Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт» деп өзгертілді.

Мешіттің ашылу салтанатына қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа ғибадат орнының ерекшелігіне тоқталды.

Мешіттің ерекшелігінің тағы бір тұсы – оған Абай Құнанбайұлының аты берілуі. Абай атамыз қазақ халқының абыройын әлемге танытқан үлкен тұлға екені баршаға белгілі. Абай атамыз медреседе оқыған, Қажы Құнанбай атамыздың тәрбиесін көрген. Сондықтан Абай атамыздың атын мешітке беру арқылы оның жолын, өмірін, өсиетін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсат етілді.Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы

Ерекше ғибадат орнының дизайнын Орталық Азиядағы ең үлкен Әзірет Сұлтан мешітінің сәулетін жасауға үлес қосқан және еліміздегі бірнеше мешіттің сызбасын жасаған архитектор Қайрат Оралбаев жасады.

мешіт, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.04.2022 15:42

Сурет: Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт әкімшілігі

Мешіттің дизайны қаладағы өзге ғибадат орындарына ұқсамайды. Жаңа ғимаратқа сыртынан қараған адам оны ғибадат орны деп те ойламауы мүмкін. Себебі Абай Құнанбайұлы мешітінің жобасы футуризм стилінде жасалған. Сыртынан мешіттің күмбезі көрінбейді. Себебі бұл ғимараттың күмбезі ішінен салынған. Ал оны айналдыра Алланың 99 есімі жазылған.

мешіт іші, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.04.2022 15:42

Сурет: Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт әкімшілігі

Мешіт сырты заманауи шыны ғимараттарға ұқсас келеді. Жанында бір минареті бар. Оның биіктігі – 25 метр. Минареттің төбесіне 1,5 метр болатын мешіттің символы – ай қойылған.

Абай Құнанбайұлы атындағы мешіттің жалпы көлемі – 1300 шаршы метр. Мешіт екі қабаттан тұрады. Балконы да бар. Мұнда бір мезетте 2000-2500 адам құлшылық жасай алады.

мешіт, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.04.2022 15:42

Сурет: Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт әкімшілігі

Мешіттің негізгі залының михрабында оң жақта Алланың есімі, сол жақта пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) есімі жазылған. Мешіт қабырғасында солдан оңға қарай арабша жазулар бар. Онда аят әл-Күрси, Нұр сүресі және әл-Хашр сүресінің соңғы аяттары жазылған. Сонымен қатар мешіт төбесінде Бақара сүресінің аяты және Тәубә сүресі жазылған.

мешіт іші, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.04.2022 15:42

Сурет: Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт әкімшілігі

Мешіттің бірінші қабатында ерлер мен әйелдерге арналған жеке бөлмелер және имамдар кабинеті бар. Екінші қабаттағы үлкен залда және балконда ерлерге намаз оқуға болады.

Мешіт ауласында Медресе және көлік тұрағы салынған. Мешіт медресесі жергілікті тұрғындар мен оқушылардың келіп-кетіп білім алуына, сауат ашуына арналған. Мұнда жазғы демалыста мектеп оқушыларына лагерь ұйымдастырылады. Медреседе 50 ер бала және 40-қа жуық қыз баланың бір мезетте білім алуына мүмкіндік бар.

мешіт іші, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.04.2022 15:42

Сурет: Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт әкімшілігі

Абай Құнанбайұлы атындағы мешіттің тағы бір ерекшелігі – мүгедектігі бар адамдарға арналған лифт. Сол арқылы келушілер екінші қабатқа көтеріле алады. Сонымен қатар, Алла үйінің ауласына шырша және басқа да ағаштар егілген. Ғимарат айналасына кеш батқанда жарық беріп әрі әдемі көрсетіп тұратын шамдар қойылған.

Биыл Рамазан айында мешітте күнде 300 кісіге арнап ауызашар ұйымдастырылып жүр. Сонымен қатар мұнда күнде құран хатым оқылады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: