Тоғыз жолдың торабында орналасқан Байкен мешітінің ерекшелігі қандай
Zakon.kz Рамазан айында Алматыдағы мұсылман жамағаты арасында танымал Байкен мешітінің ерекшелігіне тоқталып, тың деректер ұсынады.
Сурет: Байкен мешітінің әкімшілігі
Бостандық ауданы Розыбакиев 200 мекенжайында орналасқан бұл мешіт 2014 жылдың желтоқсан айында ашылды. Сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары жаңа мешіт бұрынғы казино орнына салынғанын айтып, Байкен мешіті туралы жарыса жазды. Шынында мешіт орнында бұрын ойынхана болған. Жаңа құрылысқа кіріспес бұрын ескі ғимарат толығымен бұзылып, асты қазылып, мешіт салынған. Соған сай, қазір Байкен мешітінің астында екі қабатты автотұрақ бар. Оған 100-дей автокөлік сыяды. Бұл – мешіттің басты ерекшелігінің бірі.
Сурет: Байкен мешітінің әкімшілігі
Байкен мешіті Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен кәсіпкерлер қаражатына салынған. Байкен мешітінің бұлай аталуы тегін емес. Ғибадат орнының құрылысы аяқталуға жақын қалғанда қүрылысшылар сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өтініш айтып, мешітті ашып беруін сұрайды. Сонда Тұңғыш президент мешітке Мемлекет қайраткері Байкен Әшімовтің атын беруді ұсыныпты. Осылайша ғибадат орны Байкен мешіті аталды.
Мешіттің жалпы алаңы – 0,2970 гектар. Ғимарат көлемі – 6849.6 шаршы метр. Мешіттің күмбезінің биіктігі – 40 метр, 4 мұнарасы бар. Әрқайсы екі қабаттан тұрады. Мұнаралардың биіктігі – 63 метр. Ғибадат орнының өзі екі қабаттан тұрады.
Сурет: Байкен мешітінің әкімшілігі
Қазір Байкен мешіті Бостандық ауданының орталық ғибадат орны болып есептеледі. Заман талабына сай салынған мешітті Алматы қаласы Бостандық ауданының орталық мешіті деп өзгертуді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ұсынған. Мүфтидің арнайы бұйрығында «Алматы, Бостандық ауданындағы Байкен мешітіне 2020 жылдың 17 ақпанынан аудандық орталық мешіт статусы берілсін», делінген. Осылайша Байкен мешіті Бостандық ауданының орталық мешітіне айналды.
Байкен мешітінде бір мезетте 3000 адам намаз оқи алады. Мешіттің екінші қабатының оңтүстік жағында әйелдерге арналған намаз оқитын орын бар. Мешітте Құран оқитын, неке қиятын арнайы бөлмелермен қатар «Балапан қари орталығы», кітапхана және ерлер мен әйелдерге арналған діни сауат ашу сыныптары жұмыс істейді.
Сурет: Байкен мешітінің әкімшілігі
Байкен мешіті тоғыз жолдың торабында орналасуымен, сонымен қатар сәулеті, сыртқы безендірілуі жағынан ерекшеленеді. Ғимарат сырты травертинмен қапталған. Ал мешіт іші ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілген. Мешіт қабырғасына Құран кәрімнен аяттар жазылған. Сонымен қатар пайғамдарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с) хадис-шәріптері және мешітке кіргенде, шыққанда оқылатын дұғалар да арабша әріптермен қабырғаға жазылған. Мұндай жазулар Алла үйіне өң беріп, әрі сәндеп тұрады.
Сурет: Байкен мешітінің әкімшілігі
Мешітке барлық жағынан кіруге болады. Әр кіреберісте киім бөлмесі мен аяқкиімге арналған шкаф қойылған.
Қасиетті Рамазан айына орай Байкен мешітінде біраз іс-шара болып жүр. Бұл мешітке Тарауық намазын оқуға да адамдар үйіліп келеді. Мұнда күнде 380-400 адамға ауызашар беріледі. Сонымен бірге мұқтаж отбасыларға демеушілер атынан қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылып жүр.
Zakon.kz редакциясы осыған дейін Алматы Орталық мешітінің тарихы туралы, әл-Хамид мешітінің ерекшелігі жайлы сонымен қатар ең жаңа Абай Құнанбайұлы атындағы ғибадат орнының ерекшелігі туралы жазды.