Жаңалықтар тізбегі
0

Ақбөкендер миллион гектар жайылымды таптап тастаған

Ақбөкендер миллион гектар жайылымды таптап тастаған , сурет - Zakon.kz жаңалық 06.06.2023 15:46 Сурет: wikimedia
Былтыр Батыс Қазақстан облысында ақбөкендер миллион гектар жайылымды таптап тастаған.

"Әсіресе Орал популяциясын реттеу қиынға соғып отыр", - дейді шаруалар. Мамандардың сөзіне сүйенсек, шұғыл түрде шара қолданбаса, фермерлер банкротқа ұшырауы мүмкін.

Бейбіт Даумовтың 400 гектар жері бар. Оның тең жартысын дәнді дақыл егу үшін пайдаланады. "Бірақ соңғы кезде егіннің бітік шықпауы судың немесе тұқымның аздығынан емес, ақбөкендерге байланысты болып тұр", - дейді.

Киіктер бұл ауданда жайылым мен егінді таптап жатыр. Киесі бар жануарды атуға тыйым салынған, деп жазады Хабар 24 арнасы.

Осыған байланысты фермер учаске аумағын тоқ өткізетін электр сымдарымен қоршап алған. Бірақ дала жануары қоршаудың бір бөлігін бұзып үлгерген.

"Осы егін шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма биыл 6-шы жыл болды. Арпа, бидаймен айналысып келе жатырмын. Былтыр 100, биыл 200 га ектім. Былтыр электрқоршаумен қоршадым. Енді малды жақсы ұстайды. Жылқы мен сиыр өте алмайды. Бірақ киік көп болған соң, электрқоршауды үзіп кетіп, жаздай алыстық. Электрқоршаудың жартысы пайдаға аспады. Биыл қайтадан жаңадан сатып алып жатырмыз." Бейбіт Даумов, шаруа қожалығының басшысы

Бейбіт Даумов сияқты киікпен алысып жүрген шаруа көп. Бүкіл ел бойынша жабайы шөпқоректілер жүздеген мың гектар егіс алқаптарын таптап, жеп қойды. Диқандар Ауыл шаруашылығы министрлігінен шығынның өтелуін сұрап отыр. Бірақ бұл бір апталық немесе бір айлық шаруа емес. Алдымен арнайы заң шығару керек. Кейін ғарыштан түсірілген фотосуреттер арқылы жайылымдық жерлердің қалай жойылғанын дәлелдеу қажет.

"Өтемақы Ауыл шаруашылығы немесе Экология министрліктерінен беріледі деп айта алмаймын. Ол үкімет тарапынан да беріліп қалуы мүмкін. Бірақ ең алдымен, бізге нормативтік-құқықтық базаны құру керек. Ол үшін әдістемелерді әзірлеуге қажетті құзыреттілік бекітіледі. Бұл мәселені әлі талқылап жатырмыз. Жыл соңына дейін нақты шешімге келеміз деп ойлаймын." Айхан Сұлтан, ҚР АШМ департаменті директорының орынбасары

Департаменттегілер мәселе салдарымен емес, себебімен күресуді ұсынып отыр. Мәселен, киіктердің популяциясын реттеу керек. Осыдан 10 жыл бұрын ақбөкендер небәрі 20 мыңға жуықтап, оларды санын арттыруға күш салған болсақ, қазір жағдай мүлдем басқа. Былтырмен салыстырғанда биыл дала бөкендері 40 процентке көбейіп, саны екі миллионға жетті.

"Ақбөкендердің қарқынды популяциясын ұтымды пайдалануға болады. Белгілі бір бөлігін табиғи жағдайда бағып, мал шаруашылығының бір саласына қолдану керек. 21 ғасырда дала жануарын үй жануарына айналдыру - әлемдік тәжірибеде бар нәрсе." Сергей Скляренко, Қазақстан биоәртүрлілігін сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры

Ақбөкен етін өндіруге рұқсат берілсе, заңсыз аңшылықты тыю қиын болады. Өйткені қайтадан бөкендердің жойылу қаупі туады. Арбаны сындырбай, өгізді де өлтірмей шешім қабылдау оңай болмайын деп тұр. "Алдағы уақытта ақбөкен саудасымен айналысу үшін толық мемлекеттік монополия керек", - дейді экологтар.

Ақбөкен мүйізінің дәстүрлі Қытай медицинасында маңызы зор. Киік мүйіздерін пайдалануға қатаң бақылау орнатпай, аңшылыққа рұқсат берсек, 2000 жылдардағы жағдай қайталанады. Дала бөкендерінің саны күрт азаяды. Сергей Скляренко, Қазақстан биоәртүрлілігін сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры

Экологтардың айтуынша, қазір әліптің артын бағатын уақыт емес. Дереу әрекет ету керек. Әйтпесе келесі жылы ақбөкендердің саны 3 миллионға жетуі мүмкін. Бұл ғалымдар мен орман шаруашылығы комитеті өкілдері күн тәртібінде тұрған түйткіл. Бірақ өкініштісі, оны тез шешудің нақты жоспары жоқ. Өйткені ешқандай тарап жауапкершілік алуға асықпайды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: