Колумбияда ұшақ апатына ұшыраған 4 бала 40 күннен кейін аман табылды
Колумбияда ну орман ішінен ұшақ апатынан кейін 40 күн өткенде 4 кішкентай бала аман табылды, деп жазды ел президенті Густаво Петро Twitter-дегі парақшасында.
"Олар - джунгли балалары, енді олар Колумбияның балалары", - деп жазды Густаво Петро.
Сондай-ақ Густаво Петро желідегі өз парақшасында аман қалған балалар мен оларды тапқан әскери қызметкерлердің суретін жариялады. Төрт бала бір-біріне ағайынды болып келеді, ең кішісі - 1 жаста болса, қалғаны 4, 9 және 13 жаста, деп нақтылайды SNN.
Сенбі күні таңертең Колумбия әуе күштері балаларды санитарлық көлікпен ел астанасы Боготадағы әскери-көлік әуе қолбасшылығына жеткізді. Оған дейін оларды ұшақта дәрігерлер тексерген.
Балалар әбден арып-ашып, қатты әлсіреген, масаға таланған.
Ұшақта бұлардан бөлек тағы үш ересек адам болған. Оның бірі - балалардың анасы Магдалена Мукутуй Валенсия. Үшеуі де ұшақ апатынан қаза тапты. Апат алдында ұшақ командирі жермен байланысып үлгерген. Колумбия президенті әскерилерді аяғынан тік тұрғызып, балаларды іздеуге жұмылдырды.