Жамбыл облысында «Қымызмұрындық-2022» шарасы өтті
Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртқан шара барысында келушілерді әжелер қазақы қонақжайлық пейілмен шашу шашып қарсы алып, ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татқызды. Барлық қонақтарға осындай ілтипат көрсетілді.
Сурет: Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі
Этно-фестивальге облысымыздың аудандары мен Тараз қаласынан 100-ге жуық ардагер шақыртылған. Олар «Ауыз тию», «Биебайлар» рәсімдеріне қатысып, түрлі салт-дәстүрлер мен спорттық жарыстарды, қолөнер көрмелерін тамашалады.
Сурет: Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі
Қариялар ақ батасын беріп, елдің тыныштығын, мал-жанның амандығын тіледі.
Жиналғандардың назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй тарту етілді. Арнау айтылып, би биленіп, дәстүрлі ән-жыр шырқалды.
Ел анасы, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы өз сөзінде шараның маңыздылығына тоқталып, қазақтың ұлттық сусыны – қымыздың қадір-қасиеті жайлы тағылымды ойларымен бөлісті.
Сурет: Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі
Жиналғандар құндылықтарды құрметтеп, дәстүрді дәріптеген ел азбайтындығын атап өтіп, қымызды – ұлттық брендке айналдыру, кең көлемде насихаттау, ол үшін елімізде «қымызмұрындықты» тойлауды жалпыхалықтық сипатқа айналдыру секілді ұтымды ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Сурет: Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі