Алматыда қант тапшылығының алдын алу шаралары қалай жүргізіліп жатыр
Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Омаровтың айтуынша, қалада қант сақтайтын бес қойма бар. Күн сайын оған 40-60 тонна қант келіп түседі, кейіннен ол дүкендерге және демалыс күндергі жәрмеңкелерге таратылып, жеткізіледі.
Тауар, негізінен, Тараз, Меркі және Көксу қант зауыттарынан әкелінеді. Үнді қанты да бар, бірақ үлестік көлемі шамалы. Қазір банкі жабатын маусым, сондықтан біз халықтың қантқа деген қажеттілігін өтеуге тырысамыз. Біз көбірек қойма ашуды жоспарлап отырмыз, бірақ инфрақұрылымға қатысты мәселелер бар. Ерлан Омаров
Сурет: Zakon.kz
Жәрмеңкедегі өнімнің көтерме бағасы - 1 келі үшін 500 теңге. Бөлшек саудадағы құны - 530 теңге.
Ал ірі сауда желісінде қанттың бір келісі 445 теңгеден сатылып жатуын, спикер былай түсіндіреді: бұл бұрынғы айналым заем шарты бойынша сатып алынған өнім, оны бизнес там-тұмдап шығарып сатып жатыр, яғни бұрынғы бағамен. Ал қазір қанттың құны айтарлықтай өскен.
Жәрмеңкелер Әуезов, Алмалы, Бостандық, Медеу және Түрксіб аудандарында ашылды. Болашақта қойма санын арттыру жоспарланып отыр.
Сатып алу кезіндегі шектеу - бір қолға бес-жеті келі қант.