ҚР СІМ АҚШ-та қарулы ұрыларға төтеп берген Олжас Қаныбек туралы ақпаратпен бөлісті
АҚШ-тың Майами штатында жергілікті қарақшылық топ Қазақстан азаматы Олжас Қаныбекке тапанша қолданып, оның сөмкесін тартып алмақшы болған. Олжастың айтуынша, сөмкеде құжаты мен ақшасы болыпты. Қазір құзырлы органдар тергеу амалын жүргізіп жатыр. Олар сөмкені ұрламақ болған күдіктілерді іздеп жатыр.
Қазақстанның АҚШ-тағы консулдығы Қазақстан азаматымен байланысқа шыққан.
"Біздің консул Қазақстан азаматын тауып, онымен және жергілікті құқық қорғау органдарымен байланысты. Төбелес барысында кішігірім жарақат алғанына қарамастан қазақстандық ем қабылдаудан бас тартты. Оның денсаулығына қауіп жоқ. Ол – аман-есен", - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
СІМ-нің мәліметінше, Олжас Қаныбек АҚШ-та заңды түрде жүр. Қазақстан азаматы АҚШ-қа 2 айлық оқуға барған. Ол Латвияда аэронавигация институтынан оқыған. Оның мамандығы – авиадиспетчер. Кезінде бокспен де айналысқан екен.
Айта кетейік, Майамиде оқып жүрген отандасымыз Олжас Қаныбек өзін тонамақ болған үш азаматқа төтеп беріп, тіпті олардың қаруын тартып алған. Бұдан кейін Олжастың оңай адам емес екенін сезген қаскөйлер тұра қашқан. Бұл оқиға сол маңдағы тұрғын үйлердің бірінің сыртқы бейнебақылау жүйесіне тіркелген. Америкалық полицейлер де жүректі азаматтың бұл әрекетіне аң-таң. Оқиға орнына келген полицейлердің бірі орыс тілін білетін болып шықты. Мұны сол айтқан. "Біз тәжірибемізде жалғыз адамның қарулы үш қарақшыға қарсы тұрғанын бірінші рет кездестіріп тұрмыз", - деді өздері де.