Путин: Отанымызды қауіптен қорғауда қабылданатын іс-әрекеттер өте қатаң болады
"Ресей азаматтарына, Қарулы Күштердің, құқық қорғау органдарының және арнайы қызметтердің жеке құрамына, сондай-ақ дәл қазіргі уақытта жаудың шабуылдарында тойтарыс беріп, өз жауынгерлік позицияларында соғысып жатқан жауынгерлер мен командирлерге қаратып айтамын. Білемін, оңай емес, бүгін түнде барлық бағыттағы қолбасшылармен тағы бір рет сөйлестім. Сондай-ақ алдап-арбау немесе қорқыту-үркіту жолымен қылмыстық авантюраға, ауыр қылмыс — қарулы көтеріліске тартылғандарға да жүгінемін", - деді РФ Президенті сөз басында.
Ол Ресей Президенті және Жоғарғы Бас қолбасшы, Ресей азаматы ретінде "елді, конституциялық жүйені, азаматтардың өмірін, қауіпсіздігі мен бостандығын қорғау үшін" қолдан келгеннің бәрін жасайтынын атап өтті.
"Әскери көтерілісті ұйымдастырып, дайындаған, жауынгерлік жолдастарына қару көтерген адам — Ресейді сатқандар. Олар бұл үшін жауап береді. Ал осы қылмысқа тартылып жатқандарды трагедиялық, қайталанбас қателік жасамауға шақырамын. Мұндайда жалғыз дұрыс таңдау — қылмыстық әрекеттерді кілт доғару. Біз өзімізге қымбат әрі қасиетті дүниені сақтап, қорғап қаламыз және Отанымызбен бірге кез-келген сынақты жеңеміз, одан да күшті бола түсеміз деп сенемін". Владимир Путин
Оның айтуынша, Ресей бүгінгі таңда өзінің болашағы үшін ең қиын күресті жүргізуде, неонацистер мен олардың қожайындарының агрессиясына төтеп беруде.
"Батыстың барлық әскери, экономикалық, ақпараттық машинасы бізге қарсы бағытталған. Біз өз халқымыздың өмірі мен қауіпсіздігі, егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз үшін күресеміз. Мың жылдық тарихы бар мемлекет - Ресей болып, елдігімізді сақтап қалу құқығы үшін. Халқымыздың тағдыры шешіліп жатқан бұл шайқаста барлық күштердің бірлігі, тұтастық, ауызбіршілік және жауапкершілік талап етіледі. Біздің әлсірегеніміз керек кезде сыртқы жауларымыз бізді іштей ірітіп, бұзудың кез келген амал-тәсілін қолдануға әзір. Сондықтан біздің бірлігімізге тасталған от — қазіргі іс-әрекеттер, шын мәнінде, өз халқының, майдан шебінде соғысып жатқан жауынгерлік жолдастарының кеудесінен итеру болып табылады. Бұл біздің еліміз бен халқымызға ту сыртынан жасалған соққы". Владимир Путин
РФ Президенті Ресейге 1917 жылы, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де дәл осындай соққы жасалғанын айтты.
"Жеңісті ұрлап алды. Армия мен халықтың артындағы ыбыр-сыбыр сөздер, жанжалдар, саясат айла-шарғылары ақырында армияның жойылуына және мемлекеттің ыдырауына, орасан зор территорияның жоқ болуына әкеліп соқты. Нәтижесі - азаматтық соғыс трагедиясы. Орыстар орыстарды, ағайындылар бауырларын өлтірді, ал оның пайдасына саяси авантюристер мен елге іріткі салушы шетелдік күштер кеңеліп, оны жұлмалай жөнелді. Біз мұның қайталануына жол бермейміз. Біз өз халқымызды да, мемлекеттілігімізді де кез-келген қауіптен қорғаймыз. Оның ішінде - ішкі сатқындықтан да". Владимир Путин
Ол қазір мемлекеттің тап болып отырған нәрсесі - сатқындық екенін баса атап өтті.
"Шектен тыс амбициялар мен жеке мүдделер сатқындыққа әкеліп соқты. Өз еліне де, халқына да, біздің басқа бөлімдермен, бөлімшелермен арқа түйістіріп жауға қарсы соғысып, жан берісіп, жан алысқан "Вагнер" тобының жауынгерлері мен командирлерінің өшпес ісіне де опасыздық жасау болды, бұл. Соледар мен Артемовскіні, Донбасс пен өзге де қалалар мен ауылдарды азат еткен, Новороссия үшін, орыс әлемінің бірлігі үшін күресіп, өз жанын пида еткен батырлар бар. Бүлікті ұйымдастыруға тырысушылар, елді анархия мен бір-біріне қол көтеруге итермелейтіндер олардың аты мен даңқына да опасыздық жасады". Владимир Путин
Ресей көшбасшысы кез келген ішкі шиеленіс - мемлекеттілікке, ұлт ретіндегі қауіпсіздікке төнген қауіп екенін айтты.
"Бұл Ресейге, біздің халқымызға жасалған соққы. Сондықтан Отанымызды осындай қауіптен қорғауда қабылданатын іс-әрекеттер өте қатаң болады. Саналы түрде сатқындық жолына түскендердің, қарулы көтерілісті дайындағандардың, бопсалау мен террористік әдістердің жолына түскендердің бәрі жақын арада жазаланады, заң алдында да, халқымыздың алдында да жауап береді". Владимир Путин
Оның айтуынша, қазір Ресейдегі Қарулы Күштер мен басқа да мемлекеттік органдар қажетті бұйрықтар алған, ал Мәскеуде, Мәскеу облысында және басқа да бірқатар аймақтарда терроризмге қарсы қосымша шаралар жүргізіліп жатыр.
"Сондай-ақ, Ростов-на-Дону жағдайын тұрақтандыру бойынша шешуші шаралар қабылданатын болады. Бұл аймақтағы жағдай күрделі болып тұр, іс жүзінде азаматтық және әскери басқару органдарының жұмысына тосқауыл қойылды". Владимир Путин
Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, 24 маусымға қараған түні Ростов облысында "Вагнер" ЖӘК қатарындағылар әскери көтеріліс жасады. Бұл туралы әскери компанияның басшысы Евгений Пригожиннен келіп түскен хабарламалардан кейін белгілі болды.