Қадыров Ресейдегі жағдайға қатысты пікір білдірді
Шешен Республикасының көшбасшысы "Вагнер" ЖӘК басшысы Евгений Пригожинді сатқын деп атады.
"Достар, түн ауыр болды және анда-мында шапқылап жүріп, пасық сатқындыққа қатысты ұстанымымды білдіруге уақыт болмады! Болып жатқанның бәрі - жон арқамызға қадалған пышақ және нағыз әскери бүлік! Соғыс кезінде біздің тылдағы жеке басқа қатысты реніш пен дау-дамайларды шешетін уақыт емес екенін бірнеше рет ескерткен болатынмын. Тыл деген әрқашан тыныш әрі сенімді болуы керек. Енді көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, алдағы жаумен бетпе-бет келіп, жертасада жатқан жігіттер артында сатқындық авантюрасы болып жатса өздерін қалай сезінетінін. Біз тұрақтылық, мемлекеттің бірлігі, азаматтардың қауіпсіздігі туралы айтып отырмыз". Рамзан Қадыров
Шешенстан басшысының айтуынша, Пригожиннің әрекеті жағдайды қиындата түседі.
"Тарихтан белгілі, мұндай әрекеттер үнемі қантөгіспен аяқталатыны. Бізге өз шығындарымыз аз ба? Оның үстіне ел ішінде қиындықтар туғызуымыз керек пе?".
Рамзан Қадыров Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі мен Ресей гвардиясының Шешенстан Республикасындағы жауынгерлері шиеленіс аймақтарына аттанғанын мәлімдеді.
"Болып жатқан дүние Қорғаныс министрлігіне ғана қойылған ультиматум емес. Бұл мемлекетке қарсы шығу, осындай сынаққа қарсы тұруда ұлт көшбасшысының айналасына барлығымыз: әскерилер, қауіпсіздік қызметкерлері, губернаторлар, бейбіт тұрғындар топтасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз керек. Шешенстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Росгвардия бойынша жауынгерлері шиеленіс аймақтарына аттанып үлгерді. Ресейдің тұтастығын сақтау және оның мемлекеттілігін қорғау үшін біз қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз! Бүлікті басып-жаншу керек, егер бұл үшін қатаң шаралар қабылдау қажет болса, біз оған дайынбыз!".
Айта кетсек, 24 маусымға қараған түні Ростов облысында "Вагнер" ЖӘК қатарындағы сарбаздар әскери көтеріліс жасады. Бұл туралы әскери компанияның басшысы Евгений Пригожиннен келіп түскен хабарламадан кейін белгілі болды.
Мәскеу қаласында, Мәскеу және Воронеж облыстары территориясында ықтимал террористік актілердің жолын кесу үшін терроризмге қарсы операция режимі енгізілді. Бұл туралы ресейлік Ұлттық терроризмге қарсы комитеті мәлімдеді.
РФ-дағы ҚР елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады.