Израиль Газа секторынан 1,1 млн адамды эвакуациялау үшін БҰҰ-ға 24 сағат берді
CNN 13 қазанда хабарлағандай, Израиль армиясының өкілдері Газа секторында жұмыс істейтін БҰҰ қызметкерлеріне Вади Газа қорығының солтүстігіндегі аумақтан бейбіт тұрғындарды шұғыл эвакуациялау қажет екенін хабарлады. Бұл тапсырманы орындау үшін оларға 24 сағат берілді, деді БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик.
Израиль армиясының хабарламасын БҰҰ өкілдері бейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша түн ортасы шамасында алды. Ұйым Израиль бөлген уақыт Газа секторының солтүстігіндегі бүкіл халықты оңтүстік бөлігіне көшіруге жеткілікті болатынына күмән келтіреді.
"Бұл жағдай шамамен 1,1 миллион адамға қатысты. Бұл БҰҰ-ның барлық қызметкеріне және мектептер, денсаулық орталықтары және ауруханалар сияқты БҰҰ бақылауындағы мекемелерде орналасқан әр адамға қатысты. БҰҰ апатты гуманитарлық салдарларсыз мұндай үлкен халықты көшіру мүмкін емес деп санайды", - делінген БҰҰ мәлімдемесінде.
Ұйым Израиль қойған өте қатал шарттарға байланысты Газа секторындағы онсыз да "қайғылы" жағдай нағыз гуманитарлық апатқа айналуы мүмкін екенін атап өтті.
7 қазанда палестиналық ХАМАС содырлары елге шабуыл жасағаннан кейін Израиль Газа секторын қоршауға алды. Израиль қалаларына бұрын-соңды болмаған зымыран шабуылы, ондаған адамды кепілге алу және шекаралық елді мекендердегі бейбіт тұрғындарды қырғаннан кейін Израиль армиясы Газа секторына қуатты жауап соққы жасады. ХАМАС шабуылы салдарынан қаза тапқан Израиль азаматтарының саны 1,3 мыңға жетті. Газа секторында 1,2 мыңға жуық адам Израильдің жауап ретінде атқылауынан қаза тапты.
Ондаған израильдік пен шетел азаматтары, соның ішінде халықаралық музыка фестиваліне келгендер содырлардың кепілінде қалып отыр. Израиль билігі кепілге алынғандардың бәрі толығымен босатылмайынша Газа секторындағы блокаданы алып тастамайтынын мәлімдеді.