Израиль Газа секторы тұрғындарына тағы 6 сағат уақыт берді
Израиль армиясының араб тілін жетік білетін өкілі ЦАХАЛ (Израильдың қарулы күштері) Газа тұрғындарына сенбі күні сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін оңтүстік территориядағы екі негізгі жолмен қозғалуларына мүмкіндік беретінін хабарлады, деп жазады Jerusalem Post.
13 қазанда БҰҰ өкілдері Израиль армиясынан 24 сағат ішінде қоршауға алынған Газа секторынан шамамен 1,1 миллион адамды эвакуациялау қажеттілігі туралы ақпарат алды.
БҰҰ мәліметтері бойынша, осы кезеңде ондаған мың адам өз үйлерін тастап, бас сауғалап кеткен. Бұған дейін Газа секторы бойынша қоныс аударған адамдар саны 400 мыңнан асқан болатын. Газа секторында қаза тапқандар саны 1,9 мыңнан асты, 7,7 мың адам жараланды.
Палестинаның ХАМАС қозғалысының өкілдері өз кезегінде Израиль әскері қоршауға алған Газа секторының тұрғындарына үйлерін тастап кетудің қажеті жоқ екенін айтты.