ХАМАС Газа секторының тұрғындарын ешқайда кетпеуге шақырды
CNN арнасының13 қазанда хабарлауынша, палестиналық ХАМАС қозғалысының өкілдері Газа секторының солтүстігіндегі тұрғындарын ешқайда кетпеуге шақырды. Бұған дейін Израиль әскерилері бейбіт тұрғындарына Вади Газа табиғи резерватының солтүстігіндегі аумақтан 24 сағат ішінде шығып кетуін ескерткен.
ХАМАС содырлары "психологиялық соғысқа" Израильді айыптап, Израиль армиясы "жалған үгіт-насихат таратуға тырысып жатыр" деп мәлімдеді. Олардың пікірінше, Израиль армиясы Газа секторының тұрғындарын "күмәндандырып", "тұрақтылықты бұзуға" тырысып жатыр. Содырлар халықаралық ұйым өкілдері эвакуацияланбағанын және жұмыс орнында екенін алға тартты.
Алайда CNN таратқан мәліметке сүйенсек, БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмысты ұйымдастыру жөніндегі агенттігі Израильдің ескертуіне құлақ түріп, қызметкерлері мен босқындарды Газа секторының солтүстік бөлігінен оңтүстікке эвакуациялады. Ведомствоның мәліметінше, баспанасыз қалған газалықтардың үштен екісінен астамы (ол 423 мың адамға жетеді) БҰҰ бақылауындағы нысандарда, соның ішінде мектептерде орналасқан. Ұйым Израиль әскерилерін осы нысандардың қауіпсіздігіне кепілдік беруге шақырды.
Израиль Газа секторынан 1,1 млн адамды эвакуациялау үшін БҰҰ-ға 24 сағат берді.