ХАМАС пен Израиль арасындағы мәміле 24 қарашаға шегерілді
CNN арнасының жазуынша, Израиль министрлер кабинеті 22 қарашада бекіткен атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келісімнің шарттары тараптар келісімге келгеннен кейін бірнеше сағат өткен соң қайта қаралды. Бастапқыда кепілге алынған алғашқы израильдіктер бүгін үйіне оралады деп жоспарланған, бірақ кейін келісімді орындау 24 қараша, жұмаға шегерілді.
Израильдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мәлімдеме жасап, кепілге алынғандардың бірінші тобы 24 қарашаға дейін босатылмайтынын айтты. Израиль мен ХАМАС келіскен атысты тоқтату жөніндегі келісім де жұма күні күшіне енеді.
"Кепілдегі адамдарымызды босату туралы келіссөздер әлі жалғасып жатыр. Оларды босату процесі тараптар арасындағы бастапқы келісімге сәйкес жалғасады, бірақ жұмаға дейін басталмайды", – делінген хабарламада.
Келіссөздерге делдал болған Қатар өкілдері қарашаның 23-і күні таңертең палестиналық содырлар мен Израиль арасындағы бітімгершілік келісімінің басталғанын "бірнеше сағаттың ішінде" жариялайтынын айтты. Олардың айтуынша, қазір екі тарап қол жеткізген келісімдердің орындалуын қамтамасыз ету үшін келіссөздер жүріп жатыр.