"Ковид жұқтырып алдым". Молдова президенті желіде видео жариялады
Президент өз үндеуінің видеосын Facebook-тегі парақшасында жариялады.
Жазбада ол өзіне коронавирус диагнозы қойылғанын айтады. Осыған байланысты ол Молдова Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған іс-шараларға қатыса алмайтынын да жеткізеді.
"Өкінішке қарай, мен COVID-19-ды жұқтырып алдым. Сондықтан бүгінгі және ертеңгі қоғамдық шараларға қатыса алмаймын. Өзім жақсы секілдімін, әдеттегіден сәл шаршаңқы күйден басқа белгілер жоқ. Бірақ басқа адамдарға қауіп төндірмес үшін бірнеше күн оқшаулануды жөн көрдім", – деді Майя Санду.
Ол азаматтардан сақ болуды өтінеді, өйткені коронавирус түбірімен жойыла қоймаған.
2024 жылы 15 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Париж Олимпиадасының жеңімпазы және жүлдегерлерімен жоспарланған кездесуі спортшыларда анықталған коронавирусқа байланысты кейінге қалдырылғаны белгілі болды. Туризм және спорт министрлігі аталған инфекция үш спортшы мен екі жаттықтырушыдан табылғанын нақтылады. 16 тамызда Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда қайта бетперде тағу режимі қалпына келтірілгенін мәлімдеді.