Әлиев Ақтау маңына құлаған ұшақ сырттай әсерлерге ұшырағанын мәлімдеді

Ильхам Әлиев, ұшақ апаты, Ақтау, мәлімдеме, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.12.2024 19:09 Сурет: Ақорда
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Бакуден Грозныйға ұшып шыққан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы РФ көгінде болғанда сырттай әсерлерге ұшырап, тек ұшқыштардың кәсібилігінің арқасында ғана Ақтау маңында апатты жағдайда қона алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі Владимир Путин мен Ильхам Әлиев телефон арқылы сөйлескеннен соң хабарлады.

"Телефон арқылы әңгіме барысында Әлиев "Әзербайжан авиа компаниясына" тиесілі жолаушылар ұшағы Ресейдің әуе кеңістігінде сырттай физикалық-техникалық әсерге ұшырағанын, басқаруды толығымен жоғалтқанын, сөйтіп Қазақстанның Ақтау қаласына бағыт алуға нұсқау алғанын және ұшқыштардың батылдығы мен кәсібилігінің арқасында ғана апатты жағдайда қонуға мүмкіндіктері болғанын атап өтті", делінген хабарламада.

Сондай-ақ Әлиев ұшақтың құйрығындағы темірде (фюзеляж) көптеген тесік барын, жолаушылар мен экипаж мүшелері көкте болған кездің өзінде ұшақты тесіп өтіп, салонға кірген бөгде бөлшектерден жарақат алғанын және аман қалған бортсеріктер мен ұшақтағы жолаушылар сөзі де сырттай физикалық-техникалық әсердің болу фактісін растайтынын атап өтті.

Әңгімелесу барысында мемлекет басшылары осы трагедияның барлық егжей-тегжейін байыпты және жан-жақты тергеуді және кінәлілерді жауапқа тарту жайын талқылады.

Бұған дейін РФ президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, одан ұшақ апаты үшін кешірім сұрағанын жазғанбыз

Айта кетсек, қайғылы оқиға 25 желтоқсанда түсте болды. Бакуден Грозныйға бағыт алған Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы Ақтау әуежайының маңында апатқа ұшырады. Соңғы ақпарат бойынша, 67 адамның 29-ы аман қалды, 38 жолаушы қаза тапты, олардың ішінде ұшақ экипажы да бар.  Ұшақта Қазақстанның алты азаматы болғаны белгілі болды, өкінішке қарай олардың барлығы мерт болды. Апаттың мән-жайын тексеру бойынша Үкіметтік комиссия құрылды.  28 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтау маңында апатқа ұшырап, ауруханаға түскен зардап шегушілерге көмектесу үшін қан тапсыру шарасын қорытындылады. Министрдің айтуынша, екі күннің ішінде республика бойынша қан орталықтарында 1,5 мыңнан астам адам 800 литр қан тапсырды. 28 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатына байланысты кеңес өтті. Кеңесте Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссия мен Бас прокуратураға басқа құзыретті органдармен бірлесіп, ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізу міндетін жүктеді.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: