ХАМАС Газа гуманитарлық көмек қорын таратуды талап етті
Сурет: pixabay
Қозғалыс қорды бейбіт тұрғындардың қазасына себепші деп айыптайды. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.
"Сионистік-америкалық күштердің гуманитарлық көмек тарату пункттерінің маңында бейбіт тұрғындарды жүйелі түрде өлтіруі — бұл қордың қоршау, аштық пен қырғын ұйымдастырудағы қылмыстық рөлін дәлелдейді. Бұл жағдай бүкіл араб әлемі мен халықаралық қауымдастықтан бұл адамгершілікке жат механизмді жою және оның авторларын жауапкершілікке тарту үшін дереу әрекет етуді талап етеді", делінген ХАМАС мәлімдемесінде.
Бұған дейін катарлық Al Jazeera телеарнасы хабарлағандай, сенбіде Газа секторындағы Рафах қаласының Әл-Шакуш ауданында GHF-ке тиесілі нысанның алдында Израиль әскері оқ жаудырып, 34 палестиналықты өлтірген. Адам құқығын қорғау ұйымдары бұл нысандарды "адамдарды қырушы орындар" және "өлім тұзақтары" деп атады. Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мамыр айының соңында GHF өз жұмысын бастағаннан бері, осы қор нысандарында 800-ден астам палестиналық қаза тауып, шамамен 5 мың адам жараланған.
2025 жылдың 2 наурызынан бері Израиль шешімімен Газа секторына халықаралық гуманитарлық көмек кіргізілмей отыр. Барлық бақылау-өткізу бекеттері жабық, ал азық-түлік тек GHF пункттері арқылы ғана таратылады.