АҚШ-та 2029–2031 жылдары ядролық қару қолдануға дайындалу ұсынылды
Сурет: wikimedia
NASA зерттеушілері талдау жүргізіп, астероидке ядролық қарумен соққы беру нұсқасын ұсынған хабарлама таратты.
"Жер маңындағы 2024 YR4 астероиді 2024 жылдың 27 желтоқсанында анықталды. 2032 жылғы желтоқсанда Жерге соғылу ықтималдығы 2025 жылдың 18 ақпанында шамамен 3%-ға жетті. Алайда қосымша бақылаулардың арқасында 2025 жылдың 23 ақпанында Жерге соғылу қаупі жойылды. Дегенмен, 2032 жылдың желтоқсанында Айға соғылу ықтималдығы артып, 2025 жылдың мамырында шамамен 4%-ға жетті", – деп еске салды ғалымдар.
Айта кетейік, 2025 жылдың наурызында Джеймс Уэбб ғарыш телескопының көмегімен астероидтің диаметрі 60 +/- 7 метр деп бағаланған.
"2024 YR4 астероидінің Айға соғылу салдарын зерттеу көрсеткендей, Айдан ұшқан материал төменгі Жер орбитасындағы микрометеорит ағынын бірнеше күн ішінде қалыпты деңгейден 1000 есе арттыруы мүмкін. Бұл астронавтар мен ғарыш аппараттарына қауіп төндіреді", – делінген зерттеуде.
Ғалымдар астероид Айға соғылатыны расталса, оған бағытталатын ғарыштық миссиялардың бірнеше нұсқасын да ұсынды.
"Біз астероидке жақындау, оның траекториясын бұру немесе орбитасын белсенді түрде бұзу мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Жедел әрекет ету және 2032 жылға дейін кейінге қалдырылатын нұсқалар талқылануда", – делінген NASA хабарламасында.
Сонымен бірге бұрыннан бар ғарыш аппараттарын қайта бағыттау немесе әлі ұшырылмаған жаңа аппараттарды қолдану нұсқалары да қаралуда.
"Траекторияны өзгерту тәсілдері тиімсіз болып шықты. Дегенмен кинетикалық миссиялар арқылы астероидті жою 2030 жылдың сәуірінен 2032 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңде жүзеге асуы мүмкін. Ал ядролық миссиялар 2029 жылдың соңынан 2031 жылдың соңына дейінгі аралықта қолжетімді болады. Тіпті Айға соғылу қаупі жойылған күннің өзінде астероидтің сипаттамаларын анықтауға арналған барлау миссиясын жіберу айтарлықтай пайдалы болмақ", – деп атап өтті NASA.
Айта кетсек, 2024 YR4 астероидінің Жерге соғылу ықтималдығы небәрі 1,3% болған кездің өзінде ғалымдар оны ең қауіпті нысан деп таныған. Ол Жерге ең жақын қашықтыққа 2032 жылдың 22 желтоқсаны шамасында келмек. 2025 жылдың жазында ғалымдар астероидтің Айға соғылуы 100 мың тоннаға дейінгі ай жынысын ғарышқа шығаруы мүмкін екенін есептеген.