Зеленский Трамппен келісімнің соңғы шарттарын талқылау үшін кездесуге дайын
Фото: president.gov.ua
Бұл туралы Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Axios басылымына берген сұхбатында айтты.
Ермактың сөзінше, кездесу АҚШ-та Алғыс айту күні аталып өтетін 27 қарашада өтуі мүмкін. Бұған дейін Батыс басылымдары Ақ үй Зеленскийдің Трамптың бейбіт жоспарына осы мейрамға дейін қол қоюын күтіп отырғанын жазған еді.
Axios мәліметінше, Абу-Дабиде өтіп жатқан АҚШ пен Ресей арасындағы кездесулерде украин делегациясы да бар. Делегацияны Украина Қорғаныс министрлігіне қарасты Бас барлау басқармасының жетекшісі Кирилл Буданов бастап жүр. Дереккөздердің айтуынша, украин өкілдері америкалық әрі ресейлік тараптармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Алайда кездесулер бір форматта ма, әлде АҚШ әр тараппен бөлек кеңес өткізуде ме – бұл нақты белгісіз.
Бастапқыда Абу-Дабидегі келіссөздер Ресей мен Украинаның барлау қызметтері арасында "басқа тақырыпта" өтуі тиіс болған, алайда АҚШ президентінің арнайы өкілі Дэн Дрисколдың келуі күн тәртібін өзгерткен.
Дрисколдың баспасөз қызметі ресейлік делегациямен келіссөздердің "жақсы өтіп жатқанын" және АҚШ-тың "оптимизм сақтап отырғанын" хабарлады.
БАҚ мәліметіне сәйкес, құжаттың жаңа нұсқасы бастапқы 28 тармақтың орнына 19 тармақтан тұрады. Жоспардан украин армиясының санын қысқарту және әскери қылмыстар үшін амнистия туралы талаптар алынып тасталған. Территориялық мәселелерді Зеленский мен Трамп жеке кездесуде талқылайды деп күтілуде.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 25 қарашада Трамптың бастапқы жоспарын "кез келген келіссөз үшін өте жақсы негіз" деп бағалады.
Бұған дейін жазғанымыздай, абайсызда сахнадан құлап түскен "Әлем аруы" байқауының қатысушысы жансақтау бөлімінде жатыр.