Марста адамдарды немен тамақтандырамыз: NASA үздік идеяларға қаржы бөледі
Сурет: NASA
Ғарыш агенттігі өз сайтында "Mars to Table" атты халықаралық байқау жариялады. Байқаудың мақсаты – болашақ Марс миссиялары үшін ең өзекті мәселелердің бірі саналатын, яғни адамдарды Қызыл ғаламшарда немен және қалай тамақтандыру керектігіне шешім табу.
Қатысушылардан Марста ұзақ уақыт өмір сүруге арналған автономды тамақтану жүйесін ойлап табу талап етіледі. Командалар тамақ өндірісінің толық циклін қамтуы тиіс:
- өнім өсіру;
- өңдеу;
- сақтау;
- тағам дайындау;
- қалдықтарды кәдеге жарату.
Негізгі шарт — Жерге тәуелділікті барынша азайту. Азық-түліктің 50 пайызынан аспайтын бөлігі ғана Жерден жеткізілуі мүмкін, ал қалғаны Марста өндіріліп, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерімен үйлесімді жұмыс істеуі қажет.
Жүлде қоры бірнеше санатқа бөлінеді:
- бірінші орын — 300 мың долларға дейін;
- екінші орын — 200 мың долларға дейін;
- үшінші орын — 100 мың долларға дейін.
Сонымен қатар жекелеген бағыттар бойынша үздік шешімдер үшін 50 мың доллар көлемінде қосымша сыйақы қарастырылған.
"Идеялар 2026 жылдың қыркүйек айына дейін қабылданады", – делінген NASA сайтындағы хабарламада.
Бұған дейін ғалымдар ғарышқа ұшқаннан кейін ғарышкерлердің миында деформация болатынын анықтағанын жазғанбыз.