Германияда пойыз жолаушысы жарылыс ұйымдастырды
Сурет: pixabay
Bild басылымының мәліметінше, жарылған зат – страйкболға арналған граната болған. Ол пойыз дәретханасынан дәлізге лақтырылып, сол жерде жарылған. Күдіктіні батыл куәгерлердің бірі қуып барып, дәретханаға қамап тастаған.
Полиция өкілінің айтуынша, ер адам шабуыл жасаймын деп қорқытқан. Сондай-ақ адамдарды өлтіру ниеті бар екенін де жасырмаған.
Оқиға орнына келген федералдық полиция қызметкерлері күдіктіні дәретханадан ұстап алған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті – Ахен қаласының 20 жастағы Германия азаматы. Оның сөмкесінен үлкен пышақ табылған, ал өзі бетперде киген.
Федералдық полиция пойыздың №23 вагонын қылмыс орны деп жариялап, оны қоршауға алған. Сонымен қатар, төрт кинолог пен жарылғыш заттар бойынша екі маман рентген құрылғыларымен пойызды тексеріп, қауіпті заттардың бар-жоғын анықтаған.
Қазіргі уақытта күдікті қамауда. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Бұған дейін Үндістанда өзін "құдаймын" деп таныстырған ер адамға қатысты ірі жанжал шыққанын жазғанбыз.