Қос аяғынан бірдей айырылған альпинист Эверестті бағындырды
Сурет: instagram/rustam_nabiev92
Бұл таңғажайып өрлеудің барлық егжей-тегжейін 34 жастағы альпинист өзінің Instagram парақшасында жазды.
Белгілі болғандай, 2015 жылы Набиев Омбыдағы әуе-десант оқу орталығының казармасы құлаған қайғылы оқиға салдарынан екі аяғынан айырылған. Бұл апатта 21 адам қаза тапқан.
Ұзақ емделу мен оңалтудан кейін ол спортпен айналыса бастапты. Алдымен ол следж-хоккей ойнаған, ал 2020 жылдан бастап тауларды бағындыруға кірісті. Эверестке дейін ол мына шыңдарды бағындырған: Эльбрус (5642 м және 5621 м), Манаслу (8163 м), Арарат (5165 м), Казбек (5033 м), Килиманджаро (5895 м) және Аконкагуа (6962 м).
Оның Эверестке сапары 2026 жылғы 7 сәуірде басталған.
Алдымен ол 6476 метр биіктіктегі Мера Пик тауында бейімделу кезеңінен өтті. Бұл оның тоғызыншы шыңы еді.
4 мамырда ол шерпалар астанасы саналатын Намче-Базар қаласына жетті. Бұл жер Джомолунгма бағытының қақпасы саналады.
"Мұнда біз 6 мамырға дейін болып, күш жинап, соңғы кезеңге дайындаламыз. Эверест жақын. Мен дайынмын", – деп жазған ол сол уақытта.
Спортшы Хумбу мұздық өткелінен өтуге 15 сағат жұмсаған.
Ақырында, 20 мамыр күні Эверест бағындырылды.
"20 мамырда Непал уақытымен 08:16-да мен, Рустам Набиев, альпинизм тарихында алғаш рет Эверест шыңына тек қолыммен көтерілдім! Бұл сапарымды мені көріп отырған әр адамға арнаймын. Бір нәрсе айтқым келеді: адамда өмір бар кезде күресу керек. Соңына дейін күресіңіздер! Ол соған тұрарлық!" – деді Рустам Набиев.
Эверест (Джомолунгма) – Жер бетіндегі ең биік шың (8848,88 м). Ол Гималай тау жүйесінде, Непал мен Қытай шекарасында орналасқан және әлемдегі альпинистер үшін ең қиын әрі ең беделді шыңдардың бірі саналады.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жетістікке таңданысын білдіріп, көптеген пікір қалдырды.
Айта кетейік, 49 жастағы непалдық альпинист Пасанг Дава әлемдегі ең биік шың – Эверестті (8848 м) 30-рет бағындырғанын жазғанбыз. Ал, оған дейін оның отандасы Ками Рита Шерпа Эверестті 32-ші рет бағындырып, әлемдік және өзінің рекордын жаңартқан болатын. Мұнымен қоса, альпинист Лхакпа Шерпа 11-ші рет шыңға көтеріліп, әйелдер арасындағы әлемдік рекордты жаңартты.