Венесуэладағы жер сілкінісі: 188 адам қаза тауып, 37 мыңнан астамы із-түзсіз жоғалды
Фото: pexels
Sky News мәліметінше, табиғи апат магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер сілкінісінен басталған. Араға бір минутқа жетер-жетпес уақыт салып болған жерасты дүмпулері ошағының таяз орналасуы салдарынан елдің солтүстігіндегі елді мекендерге айтарлықтай зиян келтірген.
Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригестің соңғы мәліметінше, апаттан кемінде 188 адам қаза тапқан. Тағы 1520 адам түрлі деңгейде жарақат алып, шамамен 200 адам әлі де үйінді астында қалып отыр.
Ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі – жағалаудағы Ла-Гуайра қаласы. Мұнда тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандары қираған. Құтқарушылар мен еріктілер үйінділерді аршып, тірі қалғандарды іздеу жұмыстарын жалғастыруда.
Халықаралық гуманитарлық ұйымдар зардап шеккендерге көмек көрсете бастады. Алайда мамандар апат салдарын толық жою және із-түзсіз жоғалғандарды іздеу жұмыстары ұзақ уақытқа созылуы мүмкін екенін ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін Венесуэлада жойқын жер сілкіністерінен кейін төтенше жағдай жарияланған болатын.