АҚШ Иранға жетінші түн қатарынан соққы жасап жатыр
Сурет: unsplash
2026 жылғы 18 шілдедегі Иран БАҚ мәліметінше, соққылар Сирик, Ахваз және Йезд қалаларына жасалған. Сондай-ақ Хормозган провинциясындағы нысандарға шабуыл жасалғаны хабарланды. Соның салдарынан көпірлер, Чабахар портының инфрақұрылымы және Ираншахр әуежайы зақымданған. Иран Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жұма күні таңға дейін кемінде 38 адам қаза тауып, 400-ден астам адам жараланған.
Иран өз кезегінде Бахрейн мен Кувейттегі америкалық нысандарға, сондай-ақ аймақтағы АҚШ әскери инфрақұрылымына соққы жасағанын мәлімдеді. Кувейт зымыран және дрон шабуылдарына байланысты халықаралық әуежай жұмысын уақытша тоқтатты. Ел билігі электр станциясы мен тұщыландыру қондырғысының зақымданғанын хабарлады.
Ормуз бұғазы маңындағы қақтығыстар да жалғасып жатыр. Иран екі мұнай танкері минаға түсіп, жарылғанын мәлімдеді, алайда АҚШ тарапы бұл ақпаратты жоққа шығарды. АҚШ теңіз блокадасын жалғастырып жатқанын және бірнеше коммерциялық кеме ұсталып, бағыты өзгертілгенін хабарлады, деп жазады The Guardian.
Иран Энергетика министрлігі тұрғындарды электр қуатын үнемдеуге үндеді. Ведомство бұған энергетикалық инфрақұрылымның зақымдануы мен аптап ыстық себеп болғанын түсіндірді. Құқық қорғау ұйымдары әскери мақсатта пайдаланылмайтын азаматтық нысандарға жасалған шабуылдар әскери қылмыс ретінде қарастырылуы мүмкін екенін ескертті.
Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай одан әрі шиеленісіп барады. Соғыс басталғанға дейін бұл бағыт арқылы әлемдік мұнай мен газ жеткізілімінің шамамен 20 пайызы тасымалданған. Lloyd’s List Intelligence сарапшыларының мәліметінше, бұғаз арқылы өтетін кеме қатынасы қазірдің өзінде төрттен бір бөлікке жуық азайған.
Шиеленіс аясында Иран өз аумағына жасалған шабуылдар жалғасса, америкалық әскери базаларын орналастырған елдерге қатаң жауап беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар Тегеран хуситтердің қатысуымен Қызыл теңіз арқылы мұнай жеткізілімдерін бұғаттау мүмкіндігін ескертті. Бұл әлемдік энергетика нарығына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
АҚШ президенті Дональд Трамп жағдайға қатысты пікір білдіріп, АҚШ-тың "Иранда ірі жеңістерге жетіп жатқанын" және бұл науқанның нәтижелері "жақын арада көрінетінін" айтты.