Атырау облысының жаңа әкімі өңір халқына үндеу жасады

Атырау облысының жаңа әкімі өңір халқына үндеу жасады, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.07.2026 14:58 Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Атырау облысының жаңа әкімі Болат Ақшолақов өңір тұрғындарына үндеу жасап, Президент жүктеген міндеттерді адал атқаруға уәде берді. Сондай-ақ ол халықпен ашық диалог орнатып, облыстың өзекті мәселелерін бірлесіп шешуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атырау облысының жаңа әкімі Болат Ақшолақов өңір халқына арнаған үндеуінде қызметіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес кіріскенін айтты.

"Мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Атырау облысы әкімі лауазымындағы қызметіме кірістім", – деді өңір басшысы.

Ол Президенттің сенімі өзі үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

"Президентіміздің стратегиялық маңызды аймақты басқаруға сенім білдіргеніне зор алғыс айта отырып, өзіме жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігерімді салуға уәде беремін", – деді Болат Ақшолақов.

Әкім Атырауның өзі үшін ерекше мәнге ие өңір екенін жеткізді.

"Атырау — менің кіндік қаным тамған, әке-шешемнің маңдай тері сіңген туған өлкем. Оның бүгіні мен болашағына өңір басшысы ретінде ғана емес, туған топырағына шын жаны ашитын перзент ретінде де алаңдаймын", – деді ол.

Болат Ақшолақовтың айтуынша, облыстың өндірістік және экономикалық әлеуеті жоғары. Сондықтан алдағы кезеңде экономиканы әртараптандыру, халықтың өмір сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңарту, экологиялық мәселелерді шешу және тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ұсыну негізгі міндеттердің бірі болмақ.

"Мұның барлығы да қолдан келетін іс, тек ол үшін бәріміз осы мақсат жолында ауызбірлікпен еңбек етуіміз керек. Мен өздеріңізбен ашық диалог орнатып, жұмыстың арнасын тұрғындардың мұң-мұқтажына қарай бағыттап отырсам деймін", – деді әкім.

Сонымен қатар ол жергілікті атқарушы органдардың жұмысы ашықтық, жауапкершілік және тиімділік қағидаттарына негізделетінін атап өтті.

"Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы ашықтық, жауапкершілік және тиімділік қағидаларына негізделеді. Ауыл-аймақты дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орнындарын ашуға, білім мен медицинаның сапасын арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық беріледі", – деді Болат Ақшолақов.

Үндеу соңында облыс әкімі өңір тұрғындарын бірлесіп еңбек етуге шақырды.

"Сіздерді өлкемізді өркендету жолында бірге қызмет етуге шақырамын. Бірліктің арқасында Атырау облысын дамудың жаңа деңгейіне көтерерімізге сенімдімін", – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Болат Ақшолақов Атырау облысының әкімі болып тағайындалғанын хабарлаған едік.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: