Зеленский Ақ үйде Трамптың өзін қалай қарсы алғанын айтып берді
Сурет: Владимир Зеленскийдің Telegram-арнасы
28 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен өткен кездесуде қандай мәселелер талқыланғанын айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы Украина басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Украина халқының өмірін қорғау және бейбітшілікке қол жеткізу жолында бірге атқарып жатқан жұмыстарымыз үшін алғыс айтамын. Ең алдымен президент Трампқа Линдси Грэмнің қайтыс болуына байланысты көңіл айттым. Ол Украинаның шынайы досы еді", – деді Зеленский.
Украина президентінің сөзінше, кездесу барысында тараптар Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған тосқауыл қоюшы зымырандарды өндіруге лицензия беру мәселесін және қорғаныс саласына көмектесуі мүмкін өзге де бастамаларды талқылаған.
Сонымен қатар олар дипломатиялық үдерісті жандандыру мәселесіне де тоқталған.
"Біз дипломатия туралы да сөйлестік. Дипломатиялық үдерісті жандандыру маңызды. Екі елдің командалары алдағы байланысқа қатысты барлық егжей-тегжейді келісетін болады. АҚШ-қа мызғымас қолдауы үшін ризашылығымды білдіремін", – деп жазды Украина президенті.
Айта кетейік, Украина мен АҚШ президенттерінің кездесуі жабық форматта өтті. Кездесуге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыстырылмады, сондай-ақ екі мемлекет басшысы баспасөз алдында мәлімдеме жасаған жоқ.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript

