БАӘ-де қаза тапқан қазақстандық екі қыздың туыстары мәлімдеме жасады

БАӘ-де қаза тапқан қазақстандық екі қыздың туыстары мәлімдеме жасады, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.08.2026 13:10 Сурет: pexels
Біріккен Араб Әмірліктерінің полициясы екі қазақстандық қыздың жұмбақ өліміне қатысты мән-жайды анықтап жатыр. Шарджа қаласында жалдамалы пәтерден 20 және 22 жастағы туған әпкелі-сіңлілі екі қыздың денесі табылған. Олар БАӘ-ге жұмыс істеуге барған, деп хабарлайды Zakon.kz.

2026 жылғы 26 тамыздағы КТК телеарнасының мәліметінше, Жұлдыз бен Ақжанның туыстары қыздардың шамамен 10 күн бұрын байланысқа шықпай кеткенін айтты.

Қыздар былтыр желтоқсанда БАӘ-ге жұмыс істеуге барып, сұлулық салонында еңбек еткен. Туыстарының сөзінше, олармен соңғы рет шамамен 10 күн бұрын сөйлескен.

"Дүйсенбі күні жаздым – оқиды, бірақ жауап жоқ. Әзірге денелерін бізге беруге асықпай отыр. Бір апта қаралады деді. Тезірек көмектесулерін сұрап отырмыз. Енді оларды жерлеуіміз керек. Онсыз да қанша уақыт жатты... Оларды елге әкеліп, адамша жерлегім келеді", – деді қыздардың әкесі Мейрам Боханов.

Бохановтар отбасының қыздары былтыр желтоқсанға дейін де БАӘ-ге жұмыс істеуге барып-келіп жүрген. Сондықтан туыстары бұл жолы да алаңдамаған.

Бұл жолы олар ақпан айында елге оралуды жоспарлаған. Алайда Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты отанына қайтуды қыркүйектің басына қалдырған.

"Оларда туристік виза болған жоқ. Алдымен туристерді эвакуациялады, олар бір аптаға кетіп қалған. Ал қыздар желтоқсаннан бері сонда болды, құжаттарын рәсімдеуі керек еді. Бірден шығып кете алмады. Бірақ үйге қайтқысы келді. Ақша керек пе, бәрі жақсы ма деп сұрадым. Бәрі жақсы болды. Не себеп болуы мүмкін екенін өзім де білмеймін", – деді Жұлдыз бен Ақжанның әпкесі Менсұлу Боханова.

Марқұм Жұлдыз бен Ақжанның денелері пәтердің есігі жабық тұрған жерінен табылған. Оқиғаның қалай болғаны және қыздардың денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар-жоғы туралы туыстарына әзірге ақпарат берілмеген. Қаза болғандардың туыстары бұл кісі өлтіру болуы мүмкін деп санайды. Расталмаған ақпарат бойынша, күдікті ұсталған.

Қыздардың әкесі енді Астанадан БАӘ-ге ұшып барады. Ол жерде туыстық байланысты растау үшін ДНҚ сараптамасынан өтуі керек. Осы рәсімнен кейін ғана ер адам қыздарының денесін алып, Қазақстанға жеткізе алады.

Бұған дейін Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы қаза болғандардың туыстарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқаны хабарланған болатын. Атап айтқанда, мамандар құжаттарды рәсімдеуге және БАӘ-нің құзырлы органдарымен байланыс орнатуға жәрдемдесуде.

Оқиғаның мән-жайын жергілікті билік анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге қосымша ақпарат жарияланбайды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: