Гималайдағы мұздық опырылып, Непалда жойқын су тасқыны болды: 160-тан астам адам қаза тапты

Гималайдағы мұздық опырылып, Непалда жойқын су тасқыны болды: 160-тан астам адам қаза тапты, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.08.2026 14:35 Cурет: X/magudushyant
2026 жылғы 26 тамызда Непалда кенеттен болған жойқын су тасқыны салдарынан ауқымды апат болып, 160-тан астам адам қаза тапты, деп хабарлайды Zakon.kz.

The Guardian басылымының мәліметінше, апатқа мұздықтың ірі көлемде опырылуы себеп болған. Таңертең Гималайдағы мұздықтың алып бөлігі бөлініп, ел астанасы Катмандудан шамамен 60 шақырым солтүстікте орналасқан Лангтанг ұлттық паркіндегі аңғарға құлаған. Бұл Непал мен Тибет шекарасына жақын аумақта болған.

Мұздықтың опырылуы жер сілкінісін туғызды. Алғашқыда оның магнитудасы 4,4 деп хабарланған. Кейін АҚШ Геологиялық қызметі жерасты дүмпуіне мұз бен мұздық жыныстарының опырылуы себеп болғанын анықтап, магнитудасын 5,2 деп бағалады.

Опырылған мұздық салдарынан су, лай, тас пен мұздың үлкен массасы екпінмен ағып, Лхенде-Кхола, Бхоте-Коши және Тришули өзендерінің ағысына қосылған. Соның салдарынан Непалдың солтүстігіндегі қалаларды, соның ішінде альпинистер мен қажылар арасында танымал туристік аймақтарды жойқын су тасқыны басты.

Әлеуметтік желілерде Непал мен Тибетті жалғайтын Гиронг шекара бекетінен түсірілген қорқынышты кадрлар тарады. Видеода лай тасқыны ғимараттарды қиратып, автобустарды ағызып әкеткені көрінеді.

Непалда үйлер мен жолдар санаулы секунд ішінде су астында қалған. Трисули-Базар, Сябрубеси, Бетравати, Шантибазар, Майлунг, Саллетар және Қытай шекарасына жақын Тимуре елді мекендері зардап шекті.

Сел Расувагадхи шекара бекеті аумағындағы инфрақұрылымды толығымен жойған. Қытайдың Тибет аймағында да лай мен су тасқыны Гьиронг (Джилун) қаласы мен маңызды шекара бекетін басып қалған.

Су тасқыны салдарынан кемінде 165 адам қаза тапты. Алайда құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін. Себебі Непал мен Қытай аумағында кемінде 1384 адам хабар-ошарсыз кеткен.

Непалда 826 адам із-түзсіз жоғалған. Олардың кемінде 300-і – шетел азаматтары. Арасында кемінде 47 АҚШ азаматы мен 24 Канада азаматы бар. Алдын ала мәлімет бойынша, Непалда болған тоғыз ресейлік турист те жақындарымен байланысқа шықпаған.

Қытай жағында кемінде 558 адам хабар-ошарсыз кеткен. Үш адамның қаза тапқаны расталды.

Жергілікті биліктің мәліметінше, жауын-шашын мен қою лай құтқару жұмыстарын қиындатып жатыр. Селдің күші соншалық, ғимараттармен қатар пілдерді де ағызып әкеткен.

Желіде Непалдан қатты ағыс алып кеткен бес пілді Үндістанда құтқару сәттері де тарады. Ал басқа кадрларда пілдің су тасқыны кезінде адамды құтқарып қалғаны көрсетілген.

Гималай тау жотасы Оңтүстік Азияның бірнеше елінің аумағын алып жатыр. Мұнда әлемдегі ең биік шыңдар мен әлі де сақталған көптеген мұздықтар орналасқан.

Катмандудағы зерттеушілер 2026 жылдың басында Гиндукуш-Гималай аймағындағы мұздықтардың бұрынғыдан жылдамырақ еріп жатқанын анықтаған. 2000 жылдан бері мұздың жоғалу қарқыны екі есеге артқан.

Бұған дейін 2026 жылғы шілдеде Қытайда жойқын табиғи апат болып, кемінде 17 адам қаза тапқаны және мыңдаған үйдің қирағаны хабарланған болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: