Исландия ЕО-мен келіссөздерді қайта бастау мәселесін референдумға шығарды
Сурет: pixabay
RUV телеарнасының мәліметінше, алғашқы 87 мың дауыс саналғаннан кейін сайлаушылардың шамамен 51,2%-ы үкіметтің ЕО-мен келіссөздерді қайта бастау туралы ұсынысын қолдаған. 48,8%-ы қарсы дауыс берген. Жалпы дауыс беруге құқығы бар азаматтардың саны шамамен 270 мың адам, деп жазды CNN.
Дауыс беру 2026 жылғы 29 тамыз күні кешке аяқталды. Референдумның түпкілікті нәтижесі жексенбі күні түске дейін жарияланады деп жоспарланып отыр. Дауыстарды санау шалғай елді мекендер мен ауылдық аймақтардан бюллетеньдерді ұшақ, қайық және көлік арқылы жеткізуге байланысты қиындап отыр.
Референдумның оң нәтижесі Исландияның Еуропалық одаққа автоматты түрде қосылатынын білдірмейді. Бұл үкіметке Брюссельмен келіссөздерді қайта бастауға мүмкіндік береді. Егер тараптар кейіннен мүшелік шарттары бойынша келісімге келсе, Исландияның ЕО-ға қосылуы мәселесі екінші референдумға шығарылуы тиіс.
Исландия Еуропалық одаққа қосылуға алғашқы өтінішін ауыр қаржылық дағдарыстан кейін, 2009 жылы берген. 2013 жылы Еуроскептикалық үкімет билікке келгеннен кейін келіссөздер тоқтатылды.
Еуропалық интеграцияны қолдаушылар ЕО-мен жақындасу жоғары пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге, сондай-ақ елдің экономикалық және саяси қауіпсіздігін нығайтуға көмектеседі деп есептейді. Ал қарсы тарап ел егемендігінің бір бөлігінен айырылып, ЕО ережелерінің Исландия үшін аса маңызды балық шаруашылығына ықпал етуінен қауіптенеді.