Күн энергетикасы Қытайдағы ең ірі электр қуаты көзіне айналды
Сурет: magnific
Naked Science басылымының жазуынша, бұл туралы Қытайдың Мемлекеттік энергетика басқармасы мәлімдеді.
Шілде айының соңындағы мәлімет бойынша, фотоэлектрлік электр станцияларының белгіленген қуаты 1,286 млрд киловатқа жеткен. Бұл Қытайдағы барлық электр станцияларының жиынтық қуатының 31,5%-ына тең.
Жылдың алғашқы жеті айында елдегі күн электр станциялары 802,4 млрд киловатт-сағаттан астам электр энергиясын өндірді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 15,5%-ға көп.
Алдағы бес жылда Қытайдың күн энергетикасына салатын инвестиция көлемі 2 трлн юаньнан асады деп күтілуде. Соның нәтижесінде экологиялық таза энергия өндірісі артып, елдің энергетикалық қауіпсіздігі нығаяды. Сондай-ақ бұл экономиканың орнықты әрі экологиялық тұрғыдан таза дамуына серпін бермек.
Бұған дейін 2025 жылы Қытайдың Ішкі Моңғолиядағы Ордос шөлінен 30 млн тонна уран қорын анықтағаны туралы жазған едік. Бұл кен орындары елдің энергетикалық дербестігін нығайтып, ядролық энергетика саласындағы ықпалын арттыруы мүмкін.