"Ұшырып әкетуі мүмкін": ғалымдар Жердегі ең желді жерлерді атады
Сурет: pexels
"Моя Планета" басылымының мәліметінше, "желділік" тек желдің жылдамдығына қатысты ұғым емес. Мұнда тұрақты жел режимдері, жер бедерінің жергілікті ерекшеліктері және метеорологтардың белгілі бір жерді ең желді деп бағалау тәсілі де ескеріледі.
Бұл рейтингте желі үнемі дерлік соғатын әлемдегі жерлер жинақталған.
Жердегі ең желді қала: Веллингтон, Жаңа Зеландия
Желдің орташа жылдамдығы мен тіркелген ең күшті екпініне байланысты Веллингтонды әлемдегі ең желді қала деп жиі атайды.
Жер бетінде, яғни жер бедерінің кедергілері желден белгілі бір деңгейде қорғайтын аймақта, желдің орташа жылдық жылдамдығы шамамен 5,4 м/с болады. Ал Каукау тауындағы анемограф орташа жылдамдықты 12 м/с деңгейінде тіркейді.
Веллингтонда тіркелген ең күшті жел екпіні – 56 м/с. Ол да осы төбеде тіркелген. Веллингтон жел күшін өз пайдасына жаратып, оны таза энергия өндіру үшін пайдаланады.
Ең жылдам катабатикалық жел: Антарктида
Антарктидада еңіс бойымен төмен қарай соғатын катабатикалық желдің жылдамдығы бойынша Гиннестің рекорды тіркелген – 75 м/с.
Бұл көрсеткіш 1912 жылы Достастық шығанағындағы Денисон мүйісінде тіркелді. Аймақта желдің тәуліктік орташа ең жоғары жылдамдығы 20 м/с-қа жетеді. Бұл – дауылды желдің деңгейі, яғни 17,4 м/с-тан жоғары.
Торнадоға қатысы жоқ ең жоғары жел жылдамдығы: Барроу аралы, Австралия
Қазіргі уақытта Австралиядағы Барроу аралы торнадомен байланысты емес ең жоғары жел жылдамдығы бойынша Гиннестің рекордын ұстап тұр.
1996 жылы "Оливия" тропикалық циклоны кезінде Батыс Австралияның солтүстік-батыс жағалауындағы автоматты метеостанция желдің жылдамдығын 113 м/с деп тіркеген.
Циклондар – Тынық мұхитында қалыптасатын дауылдар, сипаты жағынан ураганға ұқсайды.
Певек қаласы: аты аңызға айналған чукоткалық "южактың" мекені
"Южак" (оңтүстік желі) – әлемдегі ең күшті жергілікті желдердің бірі. Оның орташа жылдамдығы шамамен 40 м/с, ал Певек маңындағы екпіні таңғаларлық 80 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
"Оңтүстік желінің" мұндай күшті болуының басты себебі – жер бедерінің ерекшелігі. Певек Чаун шығанағының жағалауын бойлай созылып жатқан тау жотасының етегінде орналасқан.
Ауа массалары осы төбелерге жақындағанда, тау жотасының қырқасынан асып өтуге мәжбүр болады.
Теңіз жағалауындағы бора: Новороссийскінің табиғи ерекшелігі
Новороссийск теңіз көріністері мен порттағы тіршілігімен ғана емес, Ресейдегі ең қатты желдердің бірімен де танымал. Оның атауы – бора. Ол бірнеше сағат ішінде қыстың қалыпты күнін қатты дауылға айналдыра алады.
Бора кезінде желдің жылдамдығы жиі 40 м/с-тан асады, ал кей жағдайларда 60 м/с-қа дейін жетеді. Бұл – ураган деңгейіндегі жел.
Ең таңғаларлығы – бұл табиғи құбылыс мұхит үстінде пайда болмайды, керісінше таудан төмен қарай "ағып" түседі.
Бұған дейін Қазақстанның 16 облысында 17 қыркүйекке дауылды ескерту жарияланғаны хабарланған болатын.