Flydubai ұшағын басып алу әрекетіне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды
Фото: unsplash
Oxu.Az басылымының жазуынша, командир ауыр жарақат алған. Шабуыл жасаған адамды залалсыздандыруға жолаушылар көмектескен. Израиль билігі бұл оқиғаның террорлық акт болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Соңғы тәулікте белгілі болғандай, Flydubai рейсінде әуе кемесінің командирі, үндістандық Смит Мачхарға шабуыл жасаған екінші ұшқыш оқиға алдында намаз оқығысы келетінін айтып, орнынан тұрған.
Бұл туралы Мачхар Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен кезде айтқан. Әңгіме жазбасын премьер-министр кеңсесінің баспасөз қызметі X әлеуметтік желісінде жариялады.
"Екінші ұшқыш намаз оқығысы келді. Жергілікті тұрғындардың көбі намаз оқиды, мұнда тұрған еш оғаштық жоқ. Ол намаз оқып жатқанда, құрмет танытып, алдыма қарап отырдым, артыма бұрылмадым. Кенет, шамамен 4-5 минуттан кейін желкемнен қатты соққы тиді. Басында ұшақта бірдеңе болды деп ойладым, бірақ мені ұруын тоқтатпады. Сонда мәселе ұшақта емес екенін, мені кабинада бірге отырған жігіттің ұрып жатқанын түсіндім", – деді ол.
Мачхардың айтуынша, ол екінші ұшқышты тоқтатуға тырысқан. Алайда алғашқы соққылардан кейін көзі ештеңені ажырата алмай, еденге құлаған. Ұшақтың құлдилап бара жатқанын сезген ол бар күшін жинап, орнынан тұрып, кабинаның есігін ашқан. Есік алдында тұрған жолаушылар ішке басып кіріп, әуе кемесін басқаруды қолға алған.
Flydubai әуе компаниясының ұшақты басқаруды басып алуға әрекет жасады деген күдікке ілінген екінші ұшқышы жалғыз әрекет еткен болуы мүмкін.
Oxu.Az мәліметінше, бұл туралы CNN телеарнасы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлаған.
"Халықаралық тергеушілер оның әрекетінің себебін әлі де анықтап жатыр. Алайда Израильдің ресми өкілі тергеу барысында алынған ақпарат күдіктінің жалғыз әрекет еткенін болжауға негіз беретінін мәлімдеді", – делінген хабарламада.
Бұған дейін Flydubai әуе компаниясында әріптесіне шабуыл жасаған ұшқышқа оқиғадан бір күн бұрын ұшуға тыйым салынғанын жазған едік.