TikTok-қа тыйым салу туралы ұсыныстар айтылды: әлеуметтік желі несімен қауіпті
Фото: unsplash
Бельгияның Қорғаныс министрі Тео Франкен 2026 жылғы 13 қазанда X әлеуметтік желісінде Қытай мен Еуропалық одақ елдеріндегі жастар мүлде әртүрлі контент тұтынатыны туралы жазба жариялады.
"Варшавадағы қауіпсіздік форумында TikTok-тың қауіпті екенін ескерттім. Қытайдағы оның баламасы білім мен ғылымды насихаттаса, TikTok алгоритмі Еуропа жастарына зиянды әрі қоғамды бөлшектейтін контент таратады", – деп жазды ол.
At the #WarsawSecurityForum, I warned about the dangers of TikTok. While its Chinese counterpart promotes knowledge and science, TikTok's algorithm feeds European youth toxic content and division. Europe must urgently debate how to counter this threat, as the US has done. https://t.co/2odLzjk2Jt
— Theo Francken (@FranckenTheo) October 13, 2026
Сонымен қатар көптеген ел кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерді бақылаусыз пайдалануына алаңдаушылық білдіріп отыр. Мәселен, Түркия билігі әлеуметтік желілердің жұмысына қойылатын талаптарды күшейтпек. Қараша айынан бастап 15 жасқа толмаған балаларға аккаунт ашуға тыйым салынып, одан үлкен жасөспірімдердің интернеттегі қарым-қатынасына шектеулер енгізіледі.
Ал АҚШ-тың бір штатында жасөспірімдердің TikTok желісін пайдалану уақытына тәулігіне екі сағаттық шектеу қойылмақ.
Қазақстанда да 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуін шектеу нормасы әзірленіп жатыр. Тиісті заң жобасы Құрылтайдың қарауында. 2026 жылғы 24 қыркүйекте Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов бұл бастаманы іске асыру жолдары туралы түсініктеме берген болатын.
Әзірге әлеуметтік желілер қазақстандықтарға айыппұл салуға да себеп болып отыр. 2026 жылғы 13 қазанда Қостанай облысында ұлы қалалық саябақта TikTok үшін видео түсіріп, балағат сөздері бар ән орындағаны үшін әйелге айыппұл салынды.