Дәретханада қамалып қалған жолаушы үшін ұшақ шұғыл қонуға шақ қалды
Сурет: pexels
Gazeta.ru басылымының жазуынша, оқиға 13 қазанда Сиэтлден Ньюаркке бағыт алған Boeing 737 MAX 8 ұшағында болған. Ұшып шыққаннан кейін 2,5 сағат өткенде 69 жастағы әйел отырған артқы дәретхананың есігі құлып ақауына байланысты ашылмай қалған.
Бортсеріктер есікті сыртынан ашуға шамамен 15 минут бойы әрекеттенген. Олар тіпті ұшақтағы құралдарды да пайдаланғанымен, нәтиже болмаған.
АҚШ Федералдық авиация басқармасының (FAA) талаптарына сәйкес, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін дәретхана есігінің құлпы сыртынан ашылуы керек.
Экипаж командирі диспетчерлерге ұшақты шұғыл қондыру қажеттігін хабарлап, Чикагодағы О'Хара әуежайына қарай бағыт алған. Алайда ұшақ төмендей бастаған кезде экипаж мүшелері есікті ашып, жолаушыны босатып алған. Осыдан кейін ұшқыштар Чикагоға қону туралы шешімін өзгертіп, ұшақты қайтадан биіктікке көтеріп, сапарын жалғастырған.
Ньюарк әуежайына қонғаннан кейін дәрігерлер әйелді ұшақ трапында тексерді. Оның жағдайы тұрақты деп бағаланды.
Бұған дейін Қазақстанның әуе кеңістігінде 173 жолаушысы бар ұшақ апаттық дабыл белгісін бергені хабарланған болатын.