Францияда шаңғышы аяғы сынған күйі 36 сағатқа жуық уақыт мұз құрсауында жатып аман қалған
Сурет: instagram/crs_alpes_savoie
France 3 телеарнасының мәліметінше, оқиға Италия шекарасына жақын жерде болған. Гренобль қаласының маңында тұратын ер адам тауға жалғыз өзі шаңғы турына шыққан.
Ол тік шатқалмен көтерілу үшін шаңғысын шешіп, арнайы аяқ киіммен және альпинистік мысықтармен өрмелей бастаған. Алайда осы кезде қар көшкіні жүріп, оны құлатып, мұздық жарығына алып кеткен. Салдарынан екі аяғы сынған.
"Мұз құрсауында екі аяғы сынған күйі қалған Эмерик рюкзагын шешіп, шығатын жол іздеп, жарықтың ішімен шамамен 100 метр еңбектеп жүрген. Алайда жарықтың қабырғалары тым тік болғандықтан, сыртқа шыға алмаған. Оның үстіне, бұл жерде ұялы байланыс та болмаған. Ақырында ер адам ауа жиналған қуыс маңында түнеуге мәжбүр болған", – делінген хабарламада.
Кешке қарай шаңғышы үйіне хабарласпаған соң, отбасы дабыл қаққан. Савойя тау-құтқару қызметінің (CRS Savoie) мамандары қар көшкінінің ізін тапқанымен, қардың қайта құлау қаупіне байланысты түнде іздеу жұмыстарын тоқтатуға тура келген.
Келесі күні таңертең оқиға орнына 28 құтқарушы, кинологтар иттерімен, дәрігер және үш тікұшақ жұмылдырылған. Туристің жабдықтарын тапқан топ қарды бес сағат бойы қазған. Осы кезде олар көмек сұраған дауысты естіген.
Құтқарылған сәтте ер адам мұздық жарығында 36 сағатқа жуық уақыт өткізген. Дене температурасы төмендеген шаңғышы шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның бір аяғына ота жасаған.
"Оның жолы болды. Біз оның төменде, сол жерде жатқанын білдік, бірақ тірі табамыз деп ойламадық", – деді тау-құтқару қызметінің майоры Йоанн Абере.
Бұған дейін құтқарушылар туристерге тауға шыққан кезде сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелерін еске салған болатын.