Қоқыс пакетінен адамның басы табылды: АҚШ-та зейнеткер әйел мен қызы кісі өлтірді деген күдікке ілінді
Сурет: pexels
Fox News басылымының мәліметінше, марқұм із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болмаған. Оның әйелі Джорджия "Гвен" Фицморис пен қызы Мэри туыстарына ер адамның әлі тірі екенін айтып келген. Сонымен қатар олар марқұмның әлеуметтік төлемдері мен мемлекеттік зейнетақысын алып отырған.
"Олар Пол әлі тірі деген көріністі сақтап келді", – деді Плейсер округінің шерифі Уэйн Ву.
Тергеу нұсқасы бойынша, туыстарына ер адамның үйден оқшауланып, кейде бірнеше күнге жоғалып кететіні айтылған. Қызы әкесін өлтірді деген күдікке ілінсе, әйелі қылмысқа көмектесті және мәйіт қалдықтарын жасыруға қатысты деп күдіктеліп отыр.
Тергеушілер қылмыс Ситрус-Хайтс қаласындағы отбасылық үйде жасалған деп есептейді. Прокуратура қызына кісі өлтіру бабы бойынша айып тақпақ. Әзірге қылмыстың қаржылық себептермен жасалғаны анықталған жоқ.
"Тергеушілердің әлі атқаратын жұмысы көп. Қазіргі кезеңде қылмыстың себебі туралы айтатын болжамдарымның бәрі жорамал ғана болар еді", – деді шериф.
Бастапқыда мәйіт қалдықтары қатты шіріп кеткендіктен, марқұмның кім екенін анықтау мүмкін болмаған. 2024 жылғы қаңтарда ДНҚ үлгісі Othram зертханасына жіберілді. Мамандар генетикалық генеалогия әдісін қолданып, ФБР көмегімен ер адамның туысын тапқан. Оның ДНҚ үлгісі марқұмның жеке басын растауға мүмкіндік берді.
Сейсенбіде полиция мен ФБР қызметкерлері отбасының үйіне тінту жүргізді. Алайда марқұмның басқа дене мүшелері әзірге табылған жоқ.
"Кеше үйде жүргізілген тінту кезінде басқа мәйіт қалдықтарын таппадық", – деді Уэйн Ву.
Бұған дейін Павлодар облысында жеке үйден мумияланған мәйіттердің табылуына қатысты оқиға аяқталғаны хабарланған еді. Егде жастағы әйел мен оның үлкен қызы қайтыс болған туыстарының мәйіттерін ұзақ уақыт бойы үйінде сақтаған.