Қала әкімі Алтай кездесу кезінде қандай мәселелер көтерілгенін Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Медициналық мекемелердің басшыларымен медкөмектің сапасын арттыру және медорталықтарды одан әрі жарақтандыру мәселесін талқыладық. Осыған дейінгі кездесуде медицина қызметкерлерімен әрі тұрғындарымызбен атқарылуы тиіс жұмыс жоспары жасалған. Олардың басым бөлігін орындадық.
Бүгінгі кездесуде де көтерілген мәселелерді шешу жұмысы қолға алынды. Мәселен медицина қызметкерлері меднысандарды салу және жөндеу, кадрларды даярлау, объектілерді толық жарақтандыру, "Қауіпсіз аула" жобасын одан әрі енгізу және т.б. мәселелерді қозғады.
Сурет: Александр Куприенко
Бірінші. Денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту
Елорданың ауқымды жобаларының бірі ТЖ ауруханасының (№3 көпсалалы қалалық аурухана) "Ramada Plaza" ғимаратына көшуі болып саналады. Ескі ТЖ ауруханасының аумағына жаңа перинаталдық орталық салынады, өйткені бұл шағын ауданда осы мәселе (Сарыарқа ауданы) өте өзекті болып тұр. Бұдан бөлек Алматы ауданында – №1 көпсалалы қалалық ауруханасының жанында тағы бір перинаталдық орталық салынады.
Бірқатар медициналық мекемеге жөндеу жүргізілді, сол сияқты "Жағалау-3" және "Нұрлы жол" вокзалы ауданында амбулаториялық-емханалық кешендерінің, Көктал-1, Пригородный, Телман және т.б. елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтарының құрылысын жоспарладық.
Қадамдық қолжетімділік аясында соңғы 3 жылда 40 "Үй жанындағы дәрігер" нысаны (оның 7-еуі елді мекендерде орналасқан) ашылды. Жыл соңына дейін тағы 10 нысан ашуды жоспарлап отырмыз. Оған да жеке инвестицияларды тартамыз.
Екінші. Медицина қызметкерлеріне жағдай жасау
2020 жылдан бастап дәрігерлердің орташа жалақысы 60%-ға, орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға өсті. Келесі жылы дәрігерлердің жалақысын тағы 35%-ға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысын 10%-ға арттыру жоспарланып отыр.
Кадрларды жұмылдыру үшін гранттар бөлеміз. Осылайша, 3 жыл ішінде жоғары білім алуға 750 грант бөлінді. Қазіргі оқу жылына – 250-ге жуық грант. Сол сияқты медицина қызметкерлеріне арнап жатақхана салуды жоспарлап отырмыз.
Сурет: Александр Куприенко
Үшінші. Материалдық-техникалық база
Соңғы 3 жылда медицина мекемелері 3 мыңға жуық арнайы жабдықпен жабдықталды. Мысалға олардың қатарында ультрадыбыстық аппараттар, компьютерлік томографтар, желдеткіштер, жылжымалы флюорографиялық кешендер, цифрлы рентгенографиялық жүйелер және т.б. бар. Осы жұмысты ары қарай да жүйелі түрде жалғастырамыз.
Төртінші. Жедел медициналық жәрдем станциясы
Осы жылдың күзінде жедел медициналық жәрдем станциясына тағы 55 арнайы машина берілді. Бұған дейін 100-ден астам арнайы көлік, оның ішінде 65 реанимобиль медициналық көмек станциясына тапсырылған болатын.Бүгінгі кездесу нәтижелі өтті, қозғалған проблемаларды шешу жұмысы қолға алынды. Сол сияқты үздік медицина қызметкерлері құрмет грамоталарымен марапатталды", — деп жазды елорда әкімі.