Тамыздың айының соңынан бастап Еуропада өртке кеңінен жол берілген. Осы айдың соңында Испаниядағы Валенсия автономды қоғамдастығында өрт 19 мың гектарға жуық орманды алқапты жалмады. Өрт екі апта бойы ауыздықтауға көнбеді. Валенсиядан Сарагосаға бара жатқан пойыз өрттің ортасында қалып кетті. Оқиға салдарынан 20 адам зардап шекті, деп хабарлайды Euronews .
Итальяда өрт сөндірушілер Сицилия мен Палермо провинциясындағы орман өртін сөндіруге тырысты. Желдің салдарынан өрт орман алқабына кеңінен тарап, Палермо мен Катанияны байланыстыратын тас жолға да ауыз салды. Пантеллерия аралынан ондаған адам, оның ішінде дизайнер және кәсіпкер Джорджио Армани да эвакуацияланды.
Ресейдегі Рязань облысында да қатты өрт болды. Қазіргі уақытта өңірде табиғи өрттің алты ошағы тіркелген. Жалпы ауданы 26 мың гектарға жетеді, деп хабарлайды РФ Төтенше жағдайлар қызметі. РФ ТЖМ өрт сөндіруге 7 мыңнан астам адам, 17 әуе кемесі тартылғанын атап өтті. Өрт ошақтарына 24 мың тоннаға жуық су себілді.
RT Роспотребнадзордың алға тартқан екі елдімекендегі ауаның талдау көрсеткішін жариялады, ол ауаны ластаушы заттар рұқсат етілген шекті концентрациядан жоғары екенін көрсетті. Аймақтағы табиғи өрттердің салдарынан өрт пен түтіннің иісі , тіпті Мәскеуде және орталық федералды округтің кейбір аймақтарында да сезіледі.
Башқұртстан да 1 қыркүйектен бастап ауданы 30 мың шаршы метрді құрайтын өртпен алысып жатыр.
Аргентинаның солтүстік-шығысында соңғы аптада өрт 100 000 гектарға жуық сулы-батпақты аумақты шарпып өтті. Жауын-шашынның болмауына байланысты өрт ауыздықтауға келмей, өрши түсті. Қара түтін Буэнос-Айреске дейін жетті.
Әртүрлі экологиялық ұйымдардың бағалауы бойынша, Аргентинада 2020 жылдан бастап өрт 1 миллион гектарға жуық жерді шарпыған.