Алматы облысы ІІД бұрынғы басшысы Серік Кұдебаевтың заңсыз мемлекеттік шекарадан өтуі бойынша Ұлттық қауіпсіздік органдарымен іс қозғалған еді. Бірақ істің маңызын ескере отырып бұл істі Бас прокуратура өзінің өндірісіне қабылдап алды. Бұл іс бойынша жедел тергеу тобы құрылды. Оның құрамына барлық құқық қорғау органының ең мықты, тәжірибелі тергеушілері мен жедел өкілдері қосылды. Бұл туралы мәжіліс кулуарында ҚР Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты.
"Қырғызстанға кетті деген мәлімет болғандықтан осы елге тиісті сауал жолдадық. Оған жауап алдық. Қырғыз Республикасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бірге жұмыс істеуге мүмкіндік алдық. Қазір жұмыс жүріп жатыр. Қырғыз Республикасындағы әріптестеріміздің мәліметіне сай Күдебаев Қырғызстанға барғаннан кейін, Манас әуежайы арқылы Стамбул қаласына ұшып кетті деген мәлімет берді", - деді Жандос Өмірәлиев.
Журналистер одан "Түркия еліне сұраныс неге жіберілмеді?" деп сұрады.
"Түркиямен екі жақты келісімге қол қойылған. Екі жақты келісім нәтижесінде Түркиядағы құққық қорғау органдарымен жұмысымызды бастап кеттік. Осы іс бойынша бүкіл мәліметті, нәтижені айтқым келмейді. Себебі бұл мәліметті біз ғана емес, сіздер ғана емес, бүкіл БАҚ біліп, оның өзі және жақтастары да біліп, біздің іздестіру амалдарымызға кедергісін тигізуі мүмкін. Сол себепті не үшін барлық мәліметті айтпай отырғанымды түсінесіздер ғой", - деп жауап берді ол.