Газа секторына тағы екі партия гуманитарлық көмек жеткізілді

Израиль мен Мысыр арасындағы келісімге сәйкес Газа секторына гуманитарлық жүк тиелген көліктердің тағы екі керуені жетті, деп хабарлайды Zakon.kz.

ABC News-тің мәліметінше, гуманитарлық жүк тиелген 15 жүк көлігі Газа секторына Мысырдан келген. Бұл жөнінде Палестинаның "Қызыл Жарты Айы" хабарлады. Қоршаудағы Газаға су, азық-түлік және дәрі-дәрмек жеткізілді.

Бұдан бөлек бірнеше сағат бұрын тағы 17 жүк көлігі Мысыр мен Газа секторы арасындағы шекара бекетінен өткен. Бұл ақпарды ABC News арнасына Мысырдың қауіпсіздік күштеріндегі дереккөз хабарлады.

"Мысыр Израильмен келісімге сәйкес Газаға гуманитарлық көмек жібере алады. Израиль бұл жүктерді Газа секторына кірмес бұрын Израильдің ең жақын бақылау-өткізу пунктінде тексеру құқығын өзіне қалдырды", – деп атап өтті ABC News.

Мысырдан гуманитарлық жүк тиелген алғашқы 20 жүк көлігі Газа секторына қазанның 21-і күні келді.

Палестиналық ХАМАС содырлары 7 қазанда Израильге шабуыл жасады. Олар бірнеше шекаралық елді мекендерді басып алып, жүздеген адамды өлтіріп, көптеген адамды кепілге алды. Израиль қорғаныс күштері содырларды өз аумағынан қуып шығып, Газа секторына күшті соққы беріп, оны қоршауға алды. Палестиналықтар мен Израиль арасындағы бірнеше ондаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан қақтығыс бұл жолы ең қанды оқиғаға айналды. Қоршауда қалған Газа секторы гуманитарлық апат жағдайына жақын, ал Израиль армиясы құрлық операциясына дайындалып жатыр.


Израиль және Палестина
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: