Қонақүйдің ресми сайтындаға ақпаратқа сүйенсек, келушілерге 48 люкс нөмір ұсынылады. Әрбір нөмір бұрынғы жалғыз адамға арналған түрме камераларынан қайта жабдықталған. Нөмірлер бірнеше аймаққа бөлінген, атап айтқанда:
- ұйықтауға арналған аймақ;
- демалуға арналған аймақ;
- тамақтануға арналған аймақ.
Сонымен қатар интерьер дизайны бұл орынның өткен тарихы мен қазіргі заман арасындағы айқын контрастты көрсетуге бағытталған. Мұнда кірпіш қабырғалар ағаштан жасалған жайлы интерьер элементтерімен үйлесім тапқан.
Бір түнге арналған нөмір бағасы 200–260 АҚШ доллары аралығында болады.
Сурет: hoshinoresorts
Нара түрмесі 2017 жылы ұлттық мәдени мұра нысаны ретінде танылып, ғимарат толық әрі мұқият түрде қайта жөндеуден өткізілді. Соның арқасында қонақүй тарихи сәулеттік ерекшеліктерін сақтап қалды. Атап айтқанда, қызыл кірпіштен қаланған қасбеттері, болат қаңқалары және радиалды орналасқан бұрынғы түрме блоктары сол күйінде қалған.
"Сонымен қатар қонақүйдің жанынан бұл орынның түрме ретіндегі өткен тарихына арналған музей келушілер үшін ашылады", – делінген қонақүйдің ресми сайтында.
Осылайша Нара префектурасының билігі өңірдің туристік әлеуетін арттыруды көздеп отыр. Жоспар бойынша, келетін туристердің орташа шығынын көбейтіп, олардың Нарада бір тәуліктен артық уақыт аялдауына жағдай жасау мақсаты қойылған.
Қазіргі таңда туристер өңір аумағында орта есеппен 45 АҚШ долларын ғана жұмсайды. Бұл көрсеткіш ел бойынша орташа деңгейден – 70 доллардан – едәуір төмен.
Бұған дейін Ким Чен Ынның шипажайдың ашылуына қатысқанын жазғанбыз.