Жапаровтың айтуынша, соңғы 10 жылда жол апаты салдарынан 9 120 адам қаза тауып, тағы 13 260 адам жарақат алған. Президенттің нақтылауынша, зардап шеккендердің шамамен жартысы мүгедек болып қалған. Бұл өз кезегінде мемлекетке қосымша әлеуметтік міндеттемелер жүктейді, соның ішінде жәрдемақы төлеу де бар.
Kabar басылымының жазуынша, Қырғызстан басшысы жол-көлік оқиғаларына байланысты өз отбасының басынан өткен ауыр қайғыны да баяндады.
Оның туған інісі жұбайымен бірге жол апатына түсіп, оқиға орнында қаза тапқан.
"Олардың төрт баласы түрлі жарақат алғанымен, аман қалды. Ал 2019 жылы менің үлкен ұлым да жол апаты салдарынан көз жұмды. Осындай қайғылы жағдайды бастан өткерген адамдар мыңдап саналады", – деді Садыр Жапаров.
Президенттің пікірінше, адам өліміне әкелетін жол апаттарының алдын алу үшін жол қозғалысы ережелерін мұқият әрі сапалы оқыту қажет.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Жапаровтың үлкен ұлы Дастан 2019 жылғы тамыз айында Бішкекте болған жол апатынан кейін көз жұмған. 27 жастағы жігіт мотоцикл тізгіндеп, апатқа ұшыраған. Ауыр жарақат алған ол бірнеше күннен кейін ауруханада қайтыс болған.