Рена қаласына жақын маңдағы алқаптан викингтер дәуіріне жататын елдегі ең ірі қазына анықталған. Оның құрамында үш мыңға жуық күміс тиын мен бағалы металл сынықтары бар. Бұл туралы Ослодағы мәдени тарих музейінің мамандары мәлімдеді.
"Мерстад" деп аталған қазына 2026 жылғы 10 сәуірде металл іздегіш құралдармен жүрген екі әуесқой тарапынан табылған. Алғашында құрылғы сигналдары кездейсоқ болып көрінгенімен, көп ұзамай жер астында үлкен қазына жасырылғаны белгілі болған.
Ай соңына қарай табылған тиындар саны 2970-тен асып, бұл ел үшін рекордтық көрсеткішке айналды. Зерттеушілердің айтуынша, олардың басым бөлігі шетелдік шыққан. Атап айтқанда, ағылшын корольдері Этельред II мен Кнуд Ұлы дәуіріндегі пеннилер, сондай-ақ Германия, Дания және ерте кезеңдегі Норвегия тиындары табылған.
Археологтар қазынаны X ғасырдың соңы мен XI ғасырдың ортасына жатқызады. Олардың болжамынша, ол шамамен 1047 жылы, Норвегия королі Харальд Хардрада билік еткен кезеңде жасырылған. Дәл осы уақытта елде өз тиын соғу жүйесі қалыптаса бастаған, ал бұған дейін айналымда негізінен сауда мен жорықтар арқылы келген шетелдік ақша болған.
Болжамдардың біріне сәйкес, қазына сол кезеңдегі тұрақсыздық кезінде жасырылған жеке немесе отбасылық жинақ болуы мүмкін. Табылған аймақ ол заманда темір өндіру мен сауданың маңызды орталығы саналған.
Тиындардан бөлек, археологтар күміс құймалары мен әшекей бұйымдардың бөлшектерін де тапқан. Мамандар олжалардың жақсы сақталғанына ерекше назар аударды – топырақтың ерекшеліктері металлдың бүлінбей жетуіне мүмкіндік берген.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл жаңалық викингтер дәуіріндегі экономика мен сауда байланыстары туралы түсінікті кеңейтіп, Скандинавиядағы ақша айналымының дамуы жөнінде жаңа деректер ұсынуы мүмкін.
Бұған дейін Филиппинде 37 жыл бойы жасырынып жүрген педофилдің ұсталғаны хабарланған еді.