Жаңа тәртіпке сәйкес, әуежайда дауыс зорайтқыш арқылы хабарландырулар тек қауіпсіздікке қатысты ерекше жағдайларда ғана беріледі. Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, рейстер туралы негізгі ақпарат электронды таблоларда және цифрлық сервистерде көрсетіле береді.
"Біздің әуежайда "Тыныш терминал" дәуірі басталады!" делінген әуе айлағының ресми хабарламасында.
Осы өзгеріске байланысты жолаушылар енді рейс мәртебесін өздері бақылап отыруы тиіс. Яғни, отырғызу басталғаны немесе "соңғы шақырту" секілді үйреншікті дыбыстық хабарландыруларға сенуге болмайды.
Жаңашылдық әсіресе транзиттік жолаушыларға көбірек әсер етуі мүмкін. Себебі Сабиха Гөкчен халықаралық әуежайы арқылы Еуропа елдеріне, Мысырға және Таяу Шығыс бағыттарына қатынайтын түйісу рейстері көп орындалады. Қысқа уақыттағы ауысып міну кезінде жолаушылардың рейске кешігіп қалу қаупі артады.
Әлеуметтік желідегі пікірлерде кейбір жолаушылар бұл өзгерісті қолдаса, енді бірі әсіресе асығыс транзит кезінде қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін айтып алаңдаушылық білдірген.
Бұған дейін Хантавирус ошағы анықталған лайнердегі ондаған жолаушы елдеріне эвакуацияланғанын жазғанбыз.