11 мамыр күні Instagram парақшасында Орунбеков Қырғызстан азаматтарының екі елдегі жанармай бағасын жиі салыстыратынын айтты. Оның сөзінше, көпшілік Қазақстанда бензин бағасының Қырғызстанға қарағанда әлдеқайда төмен екеніне таңғалады.
"Мұның басты себебі – Қазақстанның ірі мұнай қорына ие болуы, жанармайды өзі өндіруі және мемлекет тарапынан оның бағасына субсидия бөлінуі. Басқаша айтқанда, билік қаржы бөліп, бағаны жасанды түрде төмен деңгейде ұстап отыр", – деді ол.
Сондай-ақ ол егер Қырғызстанда да ірі мұнай қоры болғанда, онда жанармайды халыққа арзанырақ сатуға мүмкіндік болар еді деп атап өтті.
"Сондықтан бізде жоқ ресурстар үшін тиісті баға төлеуге тура келеді", – деп жауап берді ол жиі қойылатын сұрақтардың біріне.
Орунбековтің жазбасынан белгілі болғандай, Таяу Шығыстағы әскери қақтығысқа дейін Қырғызстан Ресейден АИ-92 маркалы бензинді шамамен тоннасына 650 доллардан сатып алған. Қазір оның орташа бағасы 950 долларға дейін жеткен.
Осыған ұқсас жағдай дизель отынында да байқалады.
"Бұрын дизель отынының бір тоннасы шамамен 700 доллар тұрса, қазір оның бағасы 1200 доллардан асты", – деді ол.
Бұған дейін Еуропада керосин тапшы екенін жазғанбыз.