Oxu.Az сайты Agence France-Presse (AFP) агенттігіне сілтеме жасап хабарлағандай, оқиға 15 қыркүйек, сейсенбі күні Батыс Кордофан аймағындағы Эль-Нахуд қаласының маңындағы Әл-Зараа кенішінде басталған.
Кеніштің тау жыныстары кенеттен опырылып, өту жолдарын бірінен соң бірін басып қалған.
Келесі күннің таңына қарай құтқарушылар 60 адамның мәйітін жер бетіне алып шыққан. Құтқару жұмыстары түні бойы жалғасқан. Адамдар қайтадан опырылу қаупіне қарамастан, үйінділерді жалаң қолдарымен қазған.
Аман қалғандардың бірі Хайр аль-Сайед Джабара журналистерге жер астында тағы қанша адам қалғанын ешкім нақты білмейтінін айтты.
Ол да түнгі құтқару жұмыстарына басқа кеншілермен бірге қатысып, шаң басқан тас үйіндісінің астынан әріптестерін алып шыққан. Оның айтуынша, оқиға орнында дүрбелең болған. Адамдардың айғайы мен ыңырсыған дауыстары естіліп, кеніш маңын шаң мен дымқыл тау жыныстарының иісі басқан.
Кеншілердің кейбірі үйінді астында қалып, өздігінен сыртқа шыға алмай отырған болуы мүмкін деген де қауіп бар.