Naked Science басылымының жазуынша, Қытайдың "Синьхуа" мемлекеттік ақпарат агенттігі атомдық сүңгуір қайықтардың "Чан Чжэн" сериясы үшінші буынға жеткенін және олардың көмегімен суасты базасынан ұшырылатын стратегиялық зымыранның сынағы сәтті өткенін хабарлаған.
Осылайша, Қытай Халық-азаттық армиясы үшінші буындағы сүңгуір қайықты пайдаланып, құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынақтан өткізгенін алғаш рет жариялады. Бұл елдің әскери-теңіз күштерінің ядролық әлеуеті одан әрі дамып келе жатқанын көрсетеді.
Бұған дейін Бейжің шілде айында да теңіздегі ядролық күштерінің мүмкіндіктерін көрсеткен болатын. Сол кездегі сынақтар Жапония мен Австралияны қоса алғанда, бірқатар елдің қатаң сынына ұшырады.
Жаңа сынақ та атомдық сүңгуір қайықтың көмегімен өткізілген. Ядролық энергетикалық қондырғының арқасында мұндай суасты қайықтары жанармай құюды қажет етпей, бірнеше ай бойы су астында жүре алады. Қарапайым сүңгуір қайықтардан айырмашылығы — олар ядролық реакторлармен жабдықталған. Бұл оларға алыс қашықтықты еңсеріп, жауынгерлік кезекшілікте ұзақ уақыт болуға мүмкіндік береді.
Баллистикалық зымырандармен қаруланған және су астында жасырын әрекет ете алатын сүңгуір қайықтар, ең алдымен, стратегиялық ядролық тежеуді қамтамасыз етуге арналған. Оларды анықтау қиын, ал қажет болған жағдайда қарсы соққы беруге дайын болады.
Қытай сынаққа нақты қандай сүңгуір қайықтардың қатысқанын және баллистикалық зымырандарды орналастыру үшін қандай суасты қайықтары қолданылатынын әзірге ресми түрде жариялаған жоқ.
Бұған дейін Иран АҚШ-тың ең қуатты бомбасын қолдануына дайындалғаны хабарланған болатын.