Need To Know басылымының мәліметінше, Камила Белен Иглесиас 2 қазанда жақындарымен байланысқа шықпай кеткен. Бірнеше күн өткен соң туыстары полицияға жүгінген.
Тергеу барысында прокуратура қыздың азаматтық некедегі күйеуі Пабло Эсекиель Гомеспен бірге тұрған Крус-дель-Эхе қаласындағы үйге тінту жүргізуге рұқсат берген.
"Құқық қорғау органдары тоңазытқыштың ішінен сөндірілген әкке ұқсас затпен жабылған адам мәйітінің қалдықтарын тапты. Мәйіт сот-медициналық сараптама жүргізу үшін Кордова қаласындағы Сот медицинасы институтына жіберілді. Сондай-ақ оқиға орнынан киімдер, құжаттар, сұйықтық үлгілері мен сынған ұялы телефон тәркіленді", – делінген хабарламада.
Мәйіт табылардан бірнеше күн бұрын Гомес өзіне қатысты күдікті сейілтуге тырысқан. Ол марқұмның әпкесі Роминаға хабарлама жазып, Камиламен жай ғана ұрысып қалғанын, содан кейін қыздың белгісіз бағытқа кетіп, телефон қоңырауларына жауап бермей қойғанын айтқан.
Алайда күдіктінің туыстары тергеушілерге мүлде басқа мәлімет берген. Олардың айтуынша, Гомес қашып кетер алдында туыстарына "өте үлкен қателік жасағанын" айтып, мәйітті қай жерге жасырғаны көрсетілген жазба қалдырған.
Ер адам 19 қазанға қараған түні Малагеньо қаласында ұсталды. Тергеу барысында оның демалыс күндері Вилья-Карлос-Пас қаласында жасырынып, кейін анасының танысының үйіне жаяу барғаны анықталған.
Ұстау кезінде күдікті қарсылық көрсетпеген. Оның жанынан қару табылған жоқ. Ер адамға ауырлататын мән-жайларда адам өлтіру бойынша айып тағылды.
Марқұмның әпкесінің айтуынша, Камиланың бірге тұрған азаматы оны қатты қызғанып, әр қадамын бақылауда ұстаған.
"Ол өте қызғаншақ әрі өзіне сенімсіз адам болатын. Үйлеріне біреудің келгенін қаламайтын. Тіпті Камилаға өз балаларымен кездесуге де тыйым салған", – деді Ромина жергілікті БАҚ өкілдеріне.
Екеуі шамамен бір жыл бірге тұрған. Қаза тапқан әйелдің бұрынғы қарым-қатынасынан екі баласы қалған.
Тергеушілердің анықтауынша, 2022 жылы Гоместің бұрынғы сүйіктісі де оның үстінен полицияға арыз түсірген. Сол кезде ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Бұған дейін Мәскеу облысында мұраға қатысты жанжалдан кейін 33 жастағы жиенін өлтірді деген күдікпен 55 жастағы ер адамның ұсталғаны хабарланған болатын.